Бердімұратовтың қайтыс болғаны туралы Ішкі істер министрлігінің хабарламасынан белгілі болды.
ERNUR.KZ. Қазақстанның құқық қорғау органдарының баспасөз қызметі Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Медет Бердімұратов пен Солтүстік Қазақстан облысы полиция подполковнигі Иван Гугняктың қайтыс болғаны туралы мәлімдеді, деп жазады zakon.kz.
Бердімұратовтың қайтыс болғаны туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасынан белгілі болды.
"Ішкі істер министрлігі полиция полковнигі Медет Бердімұратовтың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтады.Әріптесіміз ішкі істер органдарындағы қызметінде үлкен еңбек жолынан өтіп, қылмысқа қарсы күрес пен азаматтардың құқықтарын қорғауға зор үлес қосты", - деп жазады ҚР ІІМ.
Медет Бердімұратов құқық қорғау органдарында 1999 жылдан бері қызмет етіп келеді. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тумасы. "Қайнар" университетін, содан кейін магистратураны бітірген.
Қызмет жолын 2002 жылы Алматы облысы ІІБ Талғар ауданы ІІБ тергеу бөлімінің тергеушісі болып бастаған. Қызмет еткен жылдары әртүрлі басшылық лауазымдарда, соның ішінде ҚР ІІМ Тергеу департаменті тергеу және аймақтық бақылау басқармасының бастығы болып жұмыс істеді. 2019 жылы Ақмола облысы ПД бастығының орынбасары болып тағайындалды. 2022 жылдың тамыз айынан бастап Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарды.
Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің жедел уәкілі полиция подполковнигі Иван Гугняк қайтыс болды. Әлеуметтік желілерде полиция қызметкерінің жүгіріп, аттестаттауға дайындалып жатқандығы сөз болды.
Полицияның баспасөз қызметі аттестаттау туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтып өтті.
"Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің басшылығы, жеке құрамы және ардагерлер кеңесі полиция подполковнигі Иван Гугняктың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтады. Қызметкердің қайтыс болуы кезектен тыс аттестаттаудан өту кезінде орын алғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, өйткені оның лауазымы аттестатталушылардың тізіміне кірмеген", - деп мәлімдеді СҚО ПД.