Қазақстанның қорғаны: Қанша әскери қызметшіге мемлекеттік награда табысталды?

0
554

Қазір әскери күш деңгейі бойынша жасалған рейтингте Қазақстан 145 елдің арасында 63-ші орында тұр.


Қазақстанның қорғаны: Қанша әскери қызметшіге мемлекеттік награда табысталды?

Дүниежүзіндегі мемлекеттер әлемдік аренада өзге елдермен түрлі көрсеткіштері бойынша салыстырылып жатады. Солардың ішіндегі ең маңызды ерекшеліктердің бірі – ол елдің әскерінің қуаты. Тиісінше, мемлекет осы саланың өркендеп, өсуіне атсалысқан азаматтардың еңбегін бағалап, жыл сайын түрлі әскери шендер мен наградалар беріп жатады. Осы орайда, биыл қай жауынгердің қандай құрметке бөленгенін атап өтпекпіз.


ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘСКЕРИ ҚУАТЫ ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?

Негізгі тақырыпты қозғамас бұрын, еліміздің әскери күші хақында бірқатар мәліметті қарастырсақ. Қазір әскери күш деңгейі бойынша жасалған рейтингте Қазақстан 145 елдің арасында 63-ші орында тұр. Сонымен қатар, 2022 жыды мемлекеттік басқару және қорғаныс секторындағы инвестиция мен міндетті әлеуметтік қамсыздандыру елімізде екі есе өскен. Global FirePower әскери қуат деңгейі бойынша елдер рейтингіндегі Қазақстанның индексі – 1,0873-ті құрап отыр. Осы орайда, индекс неғұрлым төмен болса, мемлекеттің әскери күші соғұрлым артатынын айта кету керек.


Бұл тұрғыда рейтингті жасаған сарапшылар 60 түрлі факторды есепке алған. Соның ішінде қорғаныс шығындарының деңгейі, техника мен жабдықтардың арсеналы, жауынгерлер, танктер, кемелер, ұшақтар мен басқа да әскери техниканың саны, әскердің жауынгерлік қабілетіне әсер ететін ресурстарға қолжетімділік сынды факторлар қарастырылады.


Нәтижесінде қазір әскери күші ең қуатты елдер — АҚШ, Ресей және Қытай болса, Бутан рейтингтің соңында тұр. ТМД елдерінің ішінде Ресейден басқа, Қазақстан, Әзірбайжан, Беларусь және Өзбекстан елдері Украинадан төмен орналасқан. Ал, Түрікменстан, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан мен Молдова біздің елімізден кейінгі орындарға ие болған. Ақпараттарға сүйенсек, өткен жылы ТМД елдерінің арасында Қазақстаннан жоғары тұрған Ресей қорғанысқа 82,6 млрд доллар жұмсаса, Украина 30 миллиард доллар, ал Әзірбайжан 3,1 миллиард доллар бөлген. Ал, аталған салаға 2,6 млрд. доллар қарастырған Қазақстаннан кейін тұрған Беларуссия 723,1 және Өзбекстан 692,5 миллион доллар жаратқан.

Сондай-ақ, Global Firepower талдаушыларының деректері бойынша бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы авиациясында 237 ұшу құрылғысы: 75 жауынгерлік тікұшақ, 39 шабуыл ұшағы, 81 әуе нысанын жоятын ұшақ, 17 көлік және 25 оқу ұшағы бар екен. Ал, еліміздің Құрлық әскерлері 300 танк, 5,2 мың жауынгерлік броньды машина, 246 өздігінен жүретін артиллериялық қондырғы, 456 бірлік сүйретілетін артиллерия және 407 реактивті атыс жүйесіне ие. Әскери персоналдың жалпы саны 77 мың адамды құраса, оның ішінде 45 мыңы жұмыс істеп тұрған әскери қызметкер.


Тағы бір айта кетерлігі – 2023 жылдың қаңтар айында мемлекеттік басқару және қорғаныс саласындағы негізгі капиталға бағытталған инвестиция мен міндетті әлеуметтік қамсыздандыруға бөлінген қаржы 10,6 млрд. теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 24,1 есе көп көрсеткіш екен. Ал, жалпы 2022 жылдың 12 айында бұл салаға бөлінген қаржы 161 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 2,2 есе көп болған. Өңірлік бөлініс бойынша алсақ, 2023 жылдың қаңтар айында ең көп қаржы – 4,6 млрд. теңге инвестиция Маңғыстау облысына бағытталған. Екінші және үшінші орында Абай және Түркістан облыстары: 2,8 млрд. және 2,7 млрд. теңге.


БИЫЛ ӘСКЕРИ АТАҚ АЛҒАН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР

Енді, осынша қаржы бөлінген саладағы жұмыстардың жемісті атқарылуына ұзақ жылдар бойы үлес қосып, тиісінше биыл еңбектері еленген әскери қызметшілерге тоқталсақ. Дәлірек айтсақ, біз айтқалы отырған мемлекеттік наградалар, жоғары әскери атақтар мен сыныптық шендерді қызметшілерге мамыр айындағы «Отан қорғаушылар» күні қарсаңында мемлекет басшысының өзі тапсырған. Тапсырып қана қоймай, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы саналатын Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақтың ұшқа құстың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын жерін ешқандай жауға бастырмаған халық екенін жеткізген.


«Алапат соғыста жеңіске жеткен қаһарман ерлердің ізбасарымыз. Қазір еліміздің күштік құрылымдары Қазақстанның қауіпсіздігін қас қақпай күзетіп тұр. Отанымыздың іргесі берік болуын қамтамасыз ету – әр азаматтың перзенттік парызы. Сондай-ақ өмір жолын әскери қызметке арнаған мамандардың кәсіби міндеті. Қазақстан – бейбіт мемлекет. Біз барлық елдермен достық қатынас орнаттық. Мемлекеттер арасындағы кез келген мәселені бейбіт жолмен шешу керек деп санаймыз. Дегенмен қамсыз отыруға болмайды. Барлық жағдайға сақадай сай болуымыз айрықша маңызды. Еліміздің қорғаныс және қауіпсіздік саласын күшейту – басты міндеттің бірі», - деген ол кезде Мемлекет басшысы.


Сонымен қатар, еліміздің әскери қуаты мен қорғанысын нығайту, ұлт қауіпсіздігін күшейтіп, заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету – мемлекет алдындағы ең мааңызды міндеттер екендігін айтқан. Содан соң, ел қауіпсіздігін күзетіп, мемлекет ішіндегі тыныштықты қамтамасыз етуге атсалысып жүрген барша азаматқа алғыс білдіріп, ерлігі және еңбегімен топтан дара шыққан бірқатар азаматты мемлекеттік наградамен марапаттаған. Оған қоса, бұл жиында әскери және арнаулы атақтар мен сыныптық шендер де тапсырылған болатын.

Атап айтсақ, биылғы қос мереке қарсаңында: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Құсайынов Марат Рақымұлы I дәрежелі «Даңқ» орденімен, Ішкі істер министрлігі Абай облысы полиция департаментінің бастығы Сұлтан Бектөре Жеңісбайұлы, Қорғаныс министрлігі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Үштаев Қуанышбек Өскенбайұлы мен Батыс Қазақстан облысының прокуроры Шалабаев Серік Рысқалиұлы II дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған.


Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігінің департамент бастығының орынбасары Оразалиев Арман Молдиярұлы I дәрежелі «Айбын» орденіне ие болса, Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің департамент басшысы Әбдіханов Қуат Аманбекұлы, Алматы қаласы прокурорының орынбасары Әбдібаев Жандос Нарымбетұлы, Жетісу облысының прокуроры Басшыбаев Мадияр Бекенұлы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қызметі директорының орынбасары Дербішев Мұрат Ақынбекұлы, Қорғаныс министрлігі 97616 әскери бөлімінің командирі Жұматаев Тайыр Қайырұлы, Мемлекеттік күзет қызметінің қызмет бастығы Ибраева Сәния Хамидқызы, Мемлекеттік күзет қызметі «Айбын» Президенттік полкінің басқарма бастығы Қожықов Серік Елібайұлы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті бастығының орынбасары Нұранов Миржан Қайратұлы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери полициясының бас басқарма бастығының орынбасары Нұркельдиев Дастан Смағұлұлы, Мемлекеттік күзет қызметінің басқарма бастығы Омаров Асхат Нұрболұлы, Астана қаласының прокуроры Өтегенов Ерлан Рахымжанұлы, Ішкі істер министрлігінің департамент бастығының орынбасары Рудковский Денис Иосифович пен Төтенше жағдайлар министрлігінің Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Тойшыбеков Асқар Тасболатұлына II дәрежелі «Айбын» ордені және Ішкі істер министрлігінің «Алматы қаласы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» ММ взвод командирінің көмекшісі Кембаев Әділет Ерікұлына III дәрежелі «Айбын» ордені тапсырылды.


Ал, «Құрмет» орденімен Ішкі істер министрлігінің департамент бастығының орынбасары Дүйсекова Әлия Абайқызы мен Қорғаныс министрлігі Әскери клиникалық госпиталі бастығының орынбасары Омаров Ғалымжан Жұмаханұлы марапатталса, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығы 5510 әскери бөлімінің штаб бастығы – жасақ командирінің орынбасары Байғонақов Азамат Сайранұлы, Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі – құтқарушысы Дәуренқұлов Әділ Еркінұлы және Төтенше жағдайлар министрлігі Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Ысқақов Ермек Ержанұлына «Ерлігі үшін» медалі табысталды.


Одан бөлек, Мемлекеттік күзет қызметінің аға инспекторы Абзалиев Олжас Қайратпекұлы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқарма бастығы Дүйсенова Раушан Болатқызы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқарма бастығы Қалқұзов Ербол Өтегенұлы, Қорғаныс министрлігі 10810 әскери бөлімі мотоатқыштар батальоны мергендер взводының командирі Қонысбаев Алмас Құдайбергенұлы, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Қызылорда облысы бойынша департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Нұғыманов Бақытжан Зейноллаұлы, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Алматы облысы бойынша департаментінің аса маңызды істер жөніндегі офицері Омаров Жеңіс Омарұлы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басқарма бастығының орынбасары Снадинов Айдос Шынбайұлы «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.


Мемлекеттік наградаларды табыстау мұнымен тоқтап қалмай, Қорғаныс министрлігінде өткен Қазақстан Қарулы күштерінің үздік әскери қызметшілері мен қызметкерлеріне құрмет көрсетілген жиында да жалғасын тапты. Атап өтсек, Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов Президент Жарлығына сәйкес, Қарулы күштер Тылының бастығы генерал-майор Алмаз Ахмадиевке II дәрежелі «Даңқ» орденін, бас инспектор - Қорғаныс министрінің көмекшісі Айгүл Төлембаеваға «Құрмет» орденін, Арнайы техникалық әзірлемелер бас басқармасының бастығы полковник Тимур Сәдуақасов, 21450 әскери бөлімінің дивизион командирі майор Қадыржан Қали мен 44859 әскери бөлімі инженерлік-саперлік батальонының аға маманы кіші сержант Ілияс Құрманбекке «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін тапсырды.


Сонымен бірге, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарған 4 офицерге, дәлірек айтқанда, 44841 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Марлен Гиззатов пен18404 әскери бөлімі десанттық-шабуылдау батальонының командирі Жоламан Ердәулетұлына капитан, 27943 әскери бөлімі миномет батареясының командирі Думан Абай мен 75263 әскери бөлімінің рота командирі Асылбек Болысбекке майор әскери атағы берілді.

Сөйтіп, 2023 жылы Қарулы күштер қатарындағы 26 әскери қызметші мен азаматтық персонал мемлекеттік наградаларға ие болса, 36 офицер мерзімінен бұрын әскери атақтармен марапатталды. Ендігі кезекте, бұл наградалар әскери қызметшілерді жігерлендіріп, жұмысты одан сайын жандандыра түседі деп сенеміз.


Жалпы, бүгінгі таңда еліміздегі әскери күштік құрылымдарды нығайтуға арналған қолдаулар көбейіп келе жатыр. Жыл сайын аталған салаға бөлінетін қаржы көлемі ұлғайып, материалдық-техникалық база, еңбекақы мен әлеуметтік пакеттер артып жатыр. Әскери саламен қатар, барлық құзіретті органдардың ардагерлері толықтай мемлекет қамқорлығына алынған. Сайып келгенде, мұның барлығы өскелең ұрпақтың Отан қорғауға деген ынтасын арттырып, әскери қызметке деген қызығушылықтарын арттыратыны сөзсіз. Нәтижесінде, ел мен жердің тыныштығы үшін отқа да, суға да түсіп, осындай наградаларға ие болатын азаматтар да көбейе береді деп сенеміз!

Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ