Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі уланып қалған футболшылардың көңілін сұрап барған

0
215

​Қазір 19 адам ауруханада ем қабылдап жатыр.


Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі уланып қалған футболшылардың көңілін сұрап барған

Фото: Өзбекстандағы Қазақстан елшілігі

ERNUR.KZ. Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінің қызметкерлері Ташкент ауруханасына түскен қарағандылық жас футболшылардың жағдайын біліп, қажетті консулдық көмек көрсетті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Елшіліктің мәліметінше, осы оқиға туралы ақпарат түскен бойда консул Сәкен Пердебеков дереу ауруханаға барған.

Қазіргі уақытта бас-аяғы 19 адам медициналық көмекке жүгінген. Ташкент қаласындағы №5 қалалық клиникалық инфекциялық ауруханаға 17 адам, оның ішінде 11 бала мен 6 ересек адам жатқан. Уланғандардың бәрінің жағдайы тұрақты, оларды дәрігерлер қарап жатыр.

«Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі ауруханаға барып, емдеу барысымен танысты және уланған балалардың ата-аналарымен кездесті. Медициналық көмек көрсету мәселесі оның жеке бақылауында. Бұдан басқа, балалардың жағдайын Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Отабек Имамов та бақылап отыр. Қажетті көмек көрсетуге Ташкент медициналық университетінің профессорлары, Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары және басқа да бейінді сарапшылар тартылған», – делінген елшілік хабарламасында.

Бұдан бөлек, Dostlik Cup 2026 турнирінің ұйымдастырушылары да ауруханаға түскен отандастарымызға жан-жақты көмек көрсетіп жатыр.

Айта кетейік, Қарағандыдан Ташкентке барған бір топ жас футболшының жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға түсті. Осыған байланысты Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы осы жағдайға байланысты тың мәлімет жариялады.