Қазақстан командасы жарыс нәтижесінде 2 алтын, 4 қола медаль еншілеп, жалпы есепте 2-орынға тұрақтады.
ERNUR.KZ. Ресей Федерациясының астанасы Мәскеуде WKF каратэден 5-ші Moscow Karate Universe халықаралық жарысы аяқталды, деп жазады inform.kz.
Каратэден қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай кумите бағдарламасында 50 келіге дейінгі салмақта топ жарды. Ол финалда өзбекстандық татами шебері Диёра Пулатованы айқын басымдықпен жеңді. Жекпе-жек 5-1 есебімен аяқталды.
Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2 дүркін Азиада жеңімпазы Софья Берульцева (+68 кг) алтыннан алқа тақты. Отандасымыз ақтық сында Махбуб Башари Атенаға (Иран) еш мүмкіндік қалдырған жоқ.
Гүлмира Үсенова (-55 кг), Айжан Бәкірова (-61 кг), Азия чемпионы Дайяна Даренская (-68 кг) мен Никита Тарнакин (-84 кг) өз салмағында үздік үштікті түйіндеді.
Үш күнге созылған бәсекеге 40 мемлекеттен 400-ден астам татами шебері жиналды.
Еске сала кетейік, былтыр Қазақстан спортшылары турнирде 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль иеленген еді.


