Оңтүстік Кореяда жаңа суперкомпьютер іске қосылды

0
112

Бұл туралы жергілікті басылым жазды.


Оңтүстік Кореяда жаңа суперкомпьютер іске қосылды

Фото: koreatimes.co.kr

ERNUR.KZ. Оңтүстік Кореяда Hangang деп аталатын жаңа ұлттық суперкомпьютер таныстырылды. Оның есептеу қуатын жасанды интеллектіні дамыту мен ғылыми зерттеулерге пайдалану жоспарланып отыр, деп жазады inbusiness.kz.

Суперкомпьютер 2 қараша күні Тэджон қаласында Корея ғылыми-техникалық ақпарат институтының (KISTI) базасында таныстырылды. Салтанатты іс-шараға ғылыми қауымдастықтың, мемлекеттік зерттеу орталықтарының және технологиялық компаниялардың 200-ге жуық өкілі қатысты.

Алтыншы буындағы есептеу жүйесін әзірлеуге 382,5 миллиард вон, бұл шамамен 276 миллион доллар бөлінді. Ол 2018 жылы пайдалануға берілген Nurion суперкомпьютерін алмастырады. Бұрынғы Nurion 8 жыл ішінде 1730 ғылыми жобаны жүзеге асыруға пайдаланылып, зерттеушілерге 1520 жарияланым дайындауға негіз болған.

Hangang жүйесінің басты артықшылығы – деректерді өңдеу әлеуеті мен жасанды интеллект тапсырмаларын орындау мүмкіндігінің айтарлықтай кеңейтілуі. Суперкомпьютер 8496 графикалық және 9936 орталық процессормен жабдықталған. Оның құрамына жоғары өнімді Nvidia GH200 Grace Hopper чиптері де кіреді.

Теориялық есептеу қуаты – 24 есеге, ақпаратты сақтау сыйымдылығы – 10 есеге, ал деректерді беру желісінің өнімділігі 4 есеге артқан. Hangang өнімділігі секундына 614,7 квадриллион операцияны құрайды.