«Қазгидромет» РМК наурыз және сәуір айларына арналған синоптикалық болжам жариялады

0
99

Өзендердегі су тасқынының басталуы батыс өңірлерде наурыз айының соңында, солтүстік пен орталықта сәуірдің басында, ал шығыс өңірлерде сәуірдің соңында күтіледі.


«Қазгидромет» РМК наурыз және сәуір айларына арналған синоптикалық болжам жариялады

фото:admbal.ru

ERNUR.KZ. «Қазгидромет» РМК наурыз және сәуір айларына арналған синоптикалық болжам жариялады. Бұл туралы толығырақ ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде бас директордың бірінші орынбасары Әсет Қалиев айтты.

«Елдің оңтүстік-батысы мен оңтүстік жартысында түнгі және күндізгі температура нөлдік межеден өтті. Наурыздың үшінші онкүндігінде батыс өңірлерде де нөлден өту күтіледі. Ал солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде тұрақты түрде нөлден өту күтілмейді. Түнде ауа температурасы біртіндеп -13-тен +5 градусқа дейін, күндіз +13 градусқа дейін көтеріледі», – деді спикер.

«Қазгидромет» деректеріне сәйкес, наурыз айында жауын-шашын мөлшері нормаға жақын болды. 22–24 наурыз аралығында батыс, солтүстік, шығыс және оңтүстік өңірлердің жекелеген аудандарында жаңбыр жауады деп болжанып отыр.

Сәуірдің бірінші онкүндігінде елдің солтүстігінде, орталығында және шығысында ауа температурасы құбылмалы болады. Кей күндері -10 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

«Сәуірдің екінші онкүндігінен бастап елдің қалған барлық өңірінде температура нөлден жоғары тұрақтайды. Жауын-шашын мөлшері Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында, Ақтөбе облысының батысында, Түркістан мен Жамбыл облыстарының оңтүстігінде, Алматы облысының оңтүстік-шығысында, Жетісу облысында, Шығыс Қазақстан облысында және Абай облысының шығыс бөлігінде нормадан көп болады», – деп қосты Әсет Қалиев.

Оның айтуынша, республиканың қалған аумағында жауын-шашын мөлшері нормаға жақын болады.

Өзендердегі су тасқынының басталуы батыс өңірлерде наурыз айының соңында, солтүстік пен орталықта сәуірдің басында, ал шығыс өңірлерде сәуірдің соңында күтіледі.