Келер жылы БҚО-да қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 70%-ға жеткізу көзделген

0
80

Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында агроөнеркәсіп секторына 501 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді.


Келер жылы БҚО-да қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 70%-ға жеткізу көзделген

ERNUR.KZ. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 6,4%-ға артып, 281 млрд теңгеге жетті. 2025–2027 жылдары ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 68 млрд теңгені құрайтын 54 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 870 жұмыс орнын құру жоспарланған. Ал, биыл жалпы құны 15,4 млрд теңге болатын 18 жоба іске асырылуда. Олар: 1,5 мың га суармалы жерлерді айналымға енгізу бойынша 5 жоба, 4,8 мың тонналық 2 тауарлы сүт фермасы және 3000 басқа арналған бордақылау алаңы. Бұл жайында өңір әкімі Нариман Төреғалиев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның мәлімдеуінше, 2027 жылға дейін 29 мың басқа арналған 11 бордақылау алаңдарын іске қосу жоспарда бар. Жобаларды жүзеге асыру арқылы өңірдегі бордақылау алаңдарының жалпы сыйымдылығын 75 мың басқа жеткізілмек.

«Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда соңғы 3 жылда республикалық бюджеттен арнайы бағдарлама аясында 21 млрд теңге қаражат бөлініп 12 жоба қаржыландырылды. Соның ішінде 5 сүт-тауарлы ферма, 2 көкөніс сақтау қоймасы, 2 бордақылау алаңы, 2 сүтті қайта өңдеу кәсіпорындарын құру бойынша жобалар бар. Бұл жобалар өңірдің сүт және сүт өнімдерімен қамтамасыз ету деңгейін 22%-дан 39%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін негізгі 23 кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы қайта өңделген өнім көлемі 208 мың тоннаны немесе 64,5%-ды құрады. Бұл көрсеткішті 2026 жылы 70%-ға жеткізу көзделген», – деді спикер.

Егін шаруашылығы да серпінді дамуда. Соңғы екі жылда ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы 15 мың гектарға ұлғайып, 638 мың гектарға жетті. Егістік алқаптарды әртараптандыру нәтижесінде бұршақ тұқымдас дақылдар көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 1,8 мың гектардан 22,4 мың гектарға дейін, яғни 12 есеге артты.

Өңірде маусымаралық кезеңде көкөніс тапшылығын болдырмау үшін, қажеттілікті 100%-ға қамтитын жалпы сыйымдылығы 65 мың тонналық 30 заманауи көкөніс қоймасы тұрақты жұмыс істейді. Сонымен қатар қосымша 18,5 мың тонналық 4 көкөніс сақтау қоймасының жобасы жоспарлануда.