Бүгін Үкіметтің биылғы соңғы отырысы өтті.
ERNUR.KZ. Отырыста Үкімет жоспарындағы заң жобалары қаралып, енді олар 3 күн ішінде Парламентке енгізуі керек, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Жалпы, заң жобалау жұмысының 2022 жылға арналған жоспарын орындалды деп айтуға болады. Биыл конституциялық реформа, Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясындағы бастамаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілгенін атап өткім келеді. Алдағы жылы да реформаларды жалғастыру қажет», - деді Премьер-министр.
Әлихан Смайылов Әділет министрлігіне жыл бойы Мемлекет басшысының, Премьер-министрдің және Президент Әкімшілігінің заңнамалық тапсырмаларына мониторинг жүргізуі қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ белгіленген тәртіппен оларды 2023 жылы әзірленіп жатқан заң жобаларына енгізу керек.
«Бұл жұмысты мемлекеттік органдар тұрақты негізде жүргізуі тиіс. Үкіметтің заң жобалау жұмысының 2023 жылға арналған жоспарына 24 заң жобасы кіреді. Олардың ішінде әзірленіп жатқан Су кодексі, «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы», «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» және «Аквадақыл туралы» заң жобалары ерекше маңызға ие. Заң жобаларының сапалы, уақытылы әзірленуі мен ұсынылуына мемлекеттік органдардың бірінші басшылары өздері жауапты болады», - деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ Прмеьер-министр өз сөзінде 2022 жылдың қорытындысына тоқталып өтті.
«Жалпы еліміз үшін биылғы жыл оңай болған жоқ – қайғылы «қаңтар оқиғасынан» бастап әлемдік маңызы бар бірқатар қиын жағдайлар болды. Алайда қиындықтарға қарамастан, халқымыздың ынтымағы мен ауызбіршілігінің арқасында біз Қазақстанда бейбітшілік пен тыныштықты сақтап қалдық. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің алдына 2023 жылы және одан кейінгі 7 жыл бойы тиімді іске асырылуы тиіс бірқатар міндеттер қойды. Үкімет Президентіміздің саяси және әлеуметтік реформаларын іске асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды. Келесі жыл да оңай болмайды. Бірақ біз қойылған мақсаттарға жетуіміз керек», - деп қорытындылады Әлихан Смайылов.