Шетелде мұндай тәжірибе бұрыннан бар әрі табысты қолданылып келеді.
Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. 2026 жылдан бастап қазақстандықтар үйлерін табиғи апаттан сақтандыруға міндеттелуі мүмкін, деп жазады stan.kz.
Шетелде мұндай тәжірибе бұрыннан бар әрі табысты қолданылып келеді. Дегенмен елімізде сарапшылар бұл бастамаға қатысты шағым білдіріп отыр. Айтуларынша, мемлекет бұл арқылы жауапкершілікті үй иелерінің мойнына артып қояды. Оған қоса, ауқымды апат болған жағдайда сақтандыру жүйесі жүктемеге төтеп бере алмауы мүмкін дейді.
"Егер құрылысқа қажет құжаттарды беру жауапкершілігін мемлекет өз мойнына алса, онда, жер сілкінісі бола қалса, осы жауапкершілікті де мемлекет көтеруге тиіс. Ал мына сақтандыру ұйымының барлық азаматқа өтемақы төлеуге шамасы жетеді дегенге үлкен күмәнмен қараймын", – деді заңгер Евгений Яворский.
Алдын ала болжам бойынша, жылдық жарна аймақтың тәуекел деңгейіне қарай 1 мыңнан 20 мың теңгеге дейін болады. Ал өтемақы мөлшері 10 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Сарапшы Вячеслав Лазаревтің айтуынша, тек сақтандыру жеткіліксіз, құрылыс сапасына да мән беру қажет.
"Тұрғын үйді сақтандырумен қатар, үкімет пен Құрылыс істері комитеті құрылыс сапасын бақылап отыруы тиіс. Себебі жер сілкінісі бола қалса, нысандар соған төтеп бере алуы қажет. Бұл қауіп-қатерді азайтудың басты жолы", – деді Құрылысшылар одағының директоры Вячеслав Лазарев.
Заң жобасында әзірге төлемнен бас тарту шарттары нақты көрсетілмеген. Бұл да сарапшылар арасында сұрақ тудырып отыр. Бағдарлама кемінде үш жылға есептелген. Осы уақыт ішінде сақтандыру қоры құрылады. Сарапшылар бастаманы орынды деп бағалайды, бірақ ірі апаттар кезінде мемлекеттің жауапкершілігі төмендеп кетпей ме деп алаңдайды.
"Тұрғын үйді сақтандырудан еш жамандық көріп тұрған жоқпын. Нақты қандай форматта жүзеге асатыны әзірге белгісіз. Өтемақы көлемі ең көбі 10 миллион теңге. Ал 10 миллионға үй табу мүмкін емес. Міндетті жарналар мүліктен айырылғандар үшін белгілі бір өтемақы бола алады. Бірақ мемлекет өзінің әлеуметтік жауапкершілігінен бас тартпауға тиіс", – дейді жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Александр Пак.
Тұрғын үйді сақтандыру туралы заң жобасы жыл соңына дейін қабылдануы мүмкін. Жаңа жүйені 2026 жылдан бастап енгізу жоспарланып отыр. Бұл көптеген тұрғындар үшін табысына немесе үйінің орналасқан жеріне қарамастан міндетті рәсімге айналады.