Қоғамдық қайырымдылық қордың тең құрылтайшысы және басшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу әлі жүріп жатыр.
фото: кадрдан
ERNUR.KZ. Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайраттың тағы қандай мүлкі тәркіленгенін жариялады, деп жазады tengrinews.kz.
Қоғамдық қайырымдылық қордың тең құрылтайшысы және басшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу әлі жүріп жатыр. Қаржылық мониторингі агенттігі мәліметінше, ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін, сондай-ақ, Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету мақсатында жиналған 1,7 млрд теңгеден аса қаражатты жымқырды деп күдікке ілініп отыр.
Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т. б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киім, аяқ киім, зергерлік бұйымдар, сөмкелері табылып, тәркіленген.
Тәркіленген сөмкелердің жалпы құны 110 миллион теңгеден асады.
Оның ішінде 2 миллион 500 мың теңге тұратын сөмке де, 14 және 25 миллион теңге тұратын сөмкелер де бар.
Сөмкелерге оның есімі мен тегін көрсететін "PK" белгісі қойылған.
Айта кетейік, Перизат Қайрат - Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.
14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.