"Көлік те, ақша да жоқ": Қызылордада отызға жуық адамды автосалон алдап кеткен

0
206

Тұрғындар автосалонға әкеліп өткізген көліктеріміз басқа азаматтарға сатылып кеткен деп қынжылады.


Фото сюжет кадрларынан

ERNUR.KZ. Қызылордада көліктерін автосалонға сатқан отызға жуық адам компанияның алдап кеткенін айтып бас көтерді. Сөздерінше автосалонның иелері “көлікті қымбат бағаға аламыз, 14 күннен кейін ақшасы түседі” деп келісімшарт жасасқан. Алайда кейін көлік те, ақша да жоқ екен, деп жазады stan.kz.

Бұл азаматтар автосалонының басшылары бізді алдап кетті деп ашулы. Айтуларынша, алдымен олар көліктерін танымал сайт арқылы саудаға шығарған. Кейін компания қызметкерлері хабарласып, жарнамадағы темір тұлпарды қымбат бағамен аламыз деп шақырған. Оның үстіне көліктің ақысы 14 күннен кейін төленеді деген келісімшарт жасасқан.

“Енді екі апта бітіп, арасында бір келіп көріп кеткем. Сол кезде көлік тұрған. Енді қайтып 14 күннен кейін келсе көлік те жоқ, ақша да жоқ. Сатылып кеткен. Мынадай адамға қалай лицензия беріп отыр көлік сатуға. Алаяқтық мынау таза”, – деді Қызылорда қаласының тұрғыны Жалмұрзаев Алмадулла.

Тұрғындар автосалонға әкеліп өткізген көліктеріміз басқа азаматтарға сатылып кеткен деп қынжылады. Казір 30-ға жуық адам не көлігін, не ақшасын ала алмай жүр.

“Барлығы 30-ға жуық көлік бар шығар. Ол менің білетінім. Енді міне жауып кеткен. Ешкім таппайды. Не заң қызметкері таппайды, не өзіміз іздеп таба алмай жүрміз”, – деді Қызылорда қаласының тұрғыны Қайролла Табікәбілов.

Көліктің ақысын әне-міне төлейміз деп сендіріп келген компания басшылары бір аптадан бері ізім-қайым жоғалған. Ұялы телефондары сөндірулі, ал салонның есігіне құлып салынған екен. Сан соққан көпшілік құзырлы органдарға арыздануға мәжбүр болыпты. Полиция алаяқтық бабымен тергеуді бастаған.

“Аталған дерек бойынша полиция басқармасымен 190-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркеліп, қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Аталған қылмыстық іс басқарма бастығының қатаң бақылауында”, – деді Қызылорда қалалық полиция басқармасы бөлім басшысының орынбасары Талант Қазбек.