Колледжге түсуге 180 мыңнан астам талапкер өтініш берген

0
426

Республика колледждеріндегі білім гранты иегерлерінің тізімі 26-28 тамыз аралығында жарияланады.


Колледжге түсуге 180 мыңнан астам талапкер өтініш берген

ERNUR.KZ. Елімізде колледждерге құжат қабылдау аяқталды, деп жазады sputnik.kz.

Республика колледждеріндегі білім гранты иегерлерінің тізімі 26-28 тамыз аралығында жарияланады.
Министрлік мәліметінше, екі айдың ішінде қазақстандықтар 180 мыңнан астам өтініш беріп үлгерді. Биыл техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алғысы келетіндер үшін гранттардың рекордтық саны, яғни 128 мың грант бөлінді.
Құжат қабылдау 25 маусымда басталып, 25 тамызда аяқталды.
"Елімізде білім гранттарының саны жыл сайын артып келеді. Мысалы, биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша 2021 жылға қарағанда 45 мың балаға көп оқиды. Сонымен қатар тегін оқығысы келетіндерге квоталар тізімі кеңейтілді. Көпбалалы отбасыдан шыққан балалар үшін 5%, мәртебесі кемінде үш жылға толық емес отбасы балалары үшін 1%, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасы балалары үшін 1% квота қосылды", - деді оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары Ернат Жүнісов.
Білім беру гранттарының басым бөлігі техникалық мамандықтарға бөлінеді.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы білім берудің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Білім министрлігі "Ақша студенттің соңынан ереді" қағидаты бойынша мемлекеттік тапсырыстарды бөлудің жаңа механизмін енгізген болатын.
Яғни бұрын гранттарды білім бөлімдері бөлсе, енді мемлекеттік тапсырыс талапкерлердің таңдауына қарай беріледі. Дәлірек айтқанда, бюджет ақшасы түлек оқуға түскісі келетін жерге жіберіледі.