"Көмектесеміз": Павлодар облысының әкімі Иманбекпен кездесті

0
716

Әбілқайыр Сқақов музыкантқа өзінің телефон нөмірін беріп, қажет болған жағдайда қоңырау шалуды ұсынды.


Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов "Грэмми" сыйлығына үміткер Иманбек Зейкеновпен кездесті. Өңір басшысы музыкантқа қолдау көрсетуге уәде берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Imanbek Remix деген лақап атпен танымал Иманбек Зейкенов өңір басшысына қазір де туған Ақсу қаласында ата-анасымен бірге тұрып жатқанын айтты. Биыл бозбала Торайғыров университетіне оқуға түсті, бірақ қазір қашықтан оқып жатыр.

«Грэмми» сыйлығының жеңімпаздарын жариялау 2021 жылдың 31 қаңтарында өтеді. Ал музыкант танымал әлемдік әртістермен бірлесіп, ортақ жоба дайындап жатыр.


- Бәріміз сен үшін жанкүйер боламыз. Сен біздің өңірдің ғана емес, бүкіл Қазақстанның нағыз мақтанышысың. Қажет болған жағдайда, біздің тарапымыздан кез келген көмек көрсетілетініне сенімді бол, - деді Әбілқайыр Сқақов Иманбекке.


Музыкант әкімге алғысын білдіріп, қазіргі танымал «Roses» ремиксін жасау үшін бар болғаны 2 сағат 20 минут кеткенін айтты.


- Бұрын музыка саласында бәрін байланыс пен ақша шешеді деп ойлайтынмын, бірақ өзіме қарап, бұлай емес екеніне көзім жетті. Шын мәнінде басында менің жолым болып кетті деуге болады, кейін менімен әріптестік орнатқан лейбл жігіттерімен көп жұмыстар атқардық. Музыканы жазу барысында мен адамдар оған қалай билейтінін, әуен қандай эмоциялар тудыратынын елестетемін, - деп ойымен бөлісті бозбала.


Өңір басшысы Иманбекке әрдайым жетістікке сенуді және өз бетінше биіктерге қол жеткізген қарапайым жігіт болып қалуды тіледі. Әбілқайыр Сқақов музыкантқа өзінің телефон нөмірін беріп, қажет болған жағдайда қоңырау шалуды ұсынды.

Иманбек Зейкенов - 20 жасар ақсулық диджей және музыкалық продюсер. Оған Saint jhn «Roses» әніне жазған ремикс үлкен танымалдық әкелді. Бұл трек «Үздік ремикс» номинациясында 2020 жылғы Грэмми сыйлығына ұсынылды.