Көне мен келешекті байланыстыратын «Балуан тас» экспедициясы қорытындыланды

0
397

Сапарға шығудағы мақсат – алапат күш иелері мен рухани байлықтың қайнар көзі болған тарихи тұлғалар арасындағы байланыстың мәнін ашу.


Көне мен келешекті байланыстыратын «Балуан тас» экспедициясы қорытындыланды

Наурыз айының 18-і мен 21-і аралығында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өңірде «Балуан тас сапары» өткізілді. Қазақ халқының батырлық мұрасын жаңғыртуға бағытталған бұл экспедиция ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының бірегей жобасы – «ҚАЗАҚ КҮШІНІҢ КАРТАСЫ» шеңберінде ұйымдастырылды.


«Baluan tas» академиясының президенті, күш мәдениетін зерттеуші PHD докторант Абылайхан Қалназаров бастаған ақпараттық-танымдық топ мүшелері сапар барысында тарихы тереңде жатқан Сайрам, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ, Отырар, Сауран аудандары мен Түркістан шаһарында болды. Экспедиция қатысушылары жалпы мың шақырымнан аса жол жүріп, ондаған әулиенің басына зиярат жасады және жәдігерлерінің арасында балуантастары үш мұражаймен танысты. Атап айтқанда, сапар мүшелері Арыстанбаб, Қожа Ахмет Ясауи, Ибрагим ата, Қарашаш ана, Бәйдібек ата, Домалақ ана, Ысқақ баб, Баба Түкті Шашты Әзиз, Бибіғияс ана кесенелері мен Ақмешіт әулие үңгірінде болды. Одан бөлек Қажымұқан, Сұлтанбек Қожанов және Әбу-Насыр әл-Фараби атындағы музейлерге табан тіреді.

Экспедиция жетекшісі Абылайхан Қалназаровтың сөзіне сүйенсек, «Балуан тас» - физикалық және рухани қуатты байланыстыратын ұғым. Сапарға шығудағы мақсат – алапат күш иелері мен рухани байлықтың қайнар көзі болған тарихи тұлғалар арасындағы байланыстың мәнін ашу.


Экспедиция аясында өңірдегі қазақ руханиятын олжа салған қуатты қалагерлер Асан Тұрабаев, Ілесхан Байжанов пен Абдулла Жұмашевқа «Балуан тас» төселгісі тағылып, «Рухани палуан» атақ-дәрежесі берілді. Сондай-ақ, аудан, қалалардағы нысандарда академиялық «Күш лекциясы» өткізіліп, үш мыңға жуық адам Абылайхан Қалназаров, Абдулла Жұмашев және Ясауитану ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлының аузынан мағыналы дәріс тыңдады. Ал, ақпараттық-танымдық топ мүшелері алда жарық көретін «Пілмен күрескен қазақтың 7 палуаны», «Ұлы даланың балуантастары», «Көкпар қайдан шыққан? Генезис, этимология, сыр-құпиялары», «Көкпар» және «БАЛУАН ТАС.Балуандар мен күрес өнеріне байланысты аңыз-әфсаналар, қисса-дастандар, ел аузындағы әңгімелер (тарихи деректер)» кітаптарына құнды материалдар жинады. Бұдан бөлек, жоба қатысушылары Сайрам, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ, Отырар және Сауран аудандарындағы кәсіпкерлік, өндіріс және инвестициялық нысандарда болып, өңірдің экономикалық әлеуетімен танысты. Тұмса табиғатымен тәнті ететін нүктелерді, Қажымұқан еккен ағашты және балуан ұрпақтарының қолында бар жәдігерлерді өз көздерімен көріп, фото және бейнекамераға таспалады. Бұл материалдар алда өткізілетін «Балуан тас» фотокөрмелеріне, деректі-танымдық фильмдерге қолданылатын болады. Сонымен бірге, арнайы түсірілген кейбір фото және бейнематериалдар жергілікті әкімдіктерге, музей және кесене қызметкерлеріне табысталды.


Тағы бір айта кетерлігі, бұл сапардың шарықтау шегі Отырар ауданының орталығында өткен Наурыз тойында орын алды. Атап айтқанда, дәл осы киелі мекенде ұмыт болған Балуан тас көтеру рәсімі қайта жаңғырып, жоба қатысушысы, Ақмола өңірінің алып палуаны Арман Сүлеймен салмағы 200 келі тартатын тасты көтеріп, тұғырына орналастырды. Осылайша тұғырына қонған тас «Балуан тас» мәртебесіне өтті. Ал, отырарлық Абылайхан Қалназаровтың әкесі Мамырайхан Қалназаров күш иесіне бата беріп, астына ат мінгізді. Экспедиция жетекшісі Абылайхан Қалназаровтың айтуынша, Бұл рәсімді соңғы рет Отырар өлкесінде 15 жыл өмір сүрген Қажымұқан өткен ғасырдың қырқыншы жылдары орындаған екен.

«Түркістан облысына Балуан тас сапары» аясында «Қазақ күшінің картасына» екі бірдей символдық Балуан тас және 13 заттық Балуан тас жеке-жеке нысандар ретінде енгізіліп, әрбірінің толық мағлұматы ақпараттар базасына тіркелді. Сонымен қатар 4 заттық Балуан тас нақтылауды қажет ететіндіктен кейінге қалдырылды. 3 символдық Балуан тас ғылыми жиында талқыланып, оларды тіркеу немесе тіркемеу талқыға түсетін болады», - деп атап өтті Абылайхан Қалназаров өз сөзінде.

Айта кету керек, жоба қатысушыларының рухани-танымдық экспедициясы Сайрамдағы Ибрагим ата кесенесінде басталып, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде аяқталды. Яғни, бұл әке мен бала арасындағы нағыз рухани маршрут болды деуге келетіндей.