Конституциялық Сот мемлекеттегі ең негізгі органдардың бірі болады.
ERNUR.KZ. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Конституциялық Соттың төрағасы мен судьяларының тағайындалуына қатысты пікір білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Бүгін Конституциялық Соттың төрағасы қызметіне Эльвира Әбілхасымқызының тағайындалуына Сенат өзінің келісімін берді. Ол білікті маман ретінде танылды. Жаңа адамдардың жауапты лауазымдарға тағайындалуы аталған органның тиімді жұмыс істеуіне тікелей әсер етеді деп сенеміз. Мұнымен қоса, бүгін Конституциялық Соттың судьялары тағайындалды. Бұл жүйеге жас мамандар келіп жатыр», - деді М. Әшімбаев.
Оның айтуынша, Конституциялық Сот мемлекеттегі ең негізгі органдардың бірі болады.
«Егер адамдардың, журналистердің құқығы бұзылып жатса, осы сот тиісті шағымдарды қарайды. Конституциялық Соттың шешімін мемлекеттік органдар орындауға міндетті. Конституциялық Соттан жоғары ешқандай орган болмайды», - деді Сенат төрағасы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық Соттың төрағасы қызметіне Эльвира Әбілхасымқызы Азимованы ұсынды.
Сенат депутаттары ашық дауыс беру арқылы Э. Азимованың кандидатурасын бірауыздан қолдады.
Сонымен қатар, бүгін Сенаттың жылпы отырысында ҚР Конституциялық Соттың судьялары тағайындалды.