Корея адам өлтіруге оқталған күдіктіні Қазақстанға экстрадициялады

0
562

Қазір ол Астанадағы тергеу изоляторына қамалды.


Корея адам өлтіруге оқталған күдіктіні Қазақстанға экстрадициялады

ERNUR.KZ. Бас прокуратура адам өлтіруге оқталған күдіктіні Корея Республикасынан экстрадициялады, деп жазады tengrinews.kz.

Бүгін Бас прокуратура мен ҚР ІІМ Интерполының қызметкерлері Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы елшілігі көмегімен адам өлтіруге оқталған күдіктіні қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін экстрадициялады.

"Аталған тұлға 2022 жылдың наурыз айында Түркістан облысының Сауран ауданында ауылдасымен жанжалдасып, артынан төбелеске ұласқан. Төбелес барысында күдікті қарсыласының кеуде тұсынан бірнеше рет пышақ сұққан. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында жәбірленуші аман қалды. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті Корея Республикасының аумағында жасырынып жүрген және биыл маусымда сонда ұсталған", - делінген хабарламада.

Қазір ол Астанадағы тергеу изоляторына қамалды.

Қылмысты жасағаны үшін сегіз жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.

"Күдіктіні экстрадициялау Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы әзірлеген Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы 2003 жылғы 13 қарашадағы ұстап беру туралы шарттың болуының арқасында мүмкін болды".