Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Мырзатай Жолдасбековтің "Ұлы дала әдебиеті" және түпнұсқадан (Дрезден нұсқасы) қазақ тіліне аударған "Қорқат ата кітабы" кітаптарының тұсаукесері өтті.
ERNUR.KZ. Бұл жұмысты негізі кандидаттық диссертациямнан бері қолға алып келемін. Мырзатай Жолдасбеков өз қаламынан туған "Ұлы дала әдебиеті" еңбегі жайлы осылай деді, деп жазады baq.kz.
"Ұлы дала әдебиеті" еңбегін жазуға Мұхтар Құл-Мұхамедтің бір ауыз сөзі түрткі болды. Бір кездескенімізде менің еңбектеріммен етене таныс Мұхтар бауырым, "Ұлы дала әдебиетін" жазуға әлеуетіңіз жетеді ғой, қолға алсаңызшы" деген өтініш жасады. Содан бүкіл еңбектерімнің басын қосып, осындай еңбек жасап шығардым", - дейді Мырзатай Жолдасбеков.
Сонымен қатар, ол "Қорқыт ата кітабын" қазақ тіліне аударуға төрт жыл уақыты кеткенін айтты.
"Бұл үлкен еңбек. Қорқыт ата қазақ жерінде, күні бүгін өзіміз барып-келіп жүрген Қызылорда даласында өмір сүрген. Бейіті де сол жерде. Демек Қорқыт ата кітабында айтылғандар да қазаққа тиесілі. Онда қазіргі өзіміз отырған Арқа даласы да, Көкше өңірі де айтылады. Осыдан алпысқа жуық жыл бұрын Әлкей Марғұланның басқаруымен кандидаттық диссертациямды қорғаған едім. Сол еңбегімнің негізінде бүгін осы кітапты аударып шықтым", - дейді ол.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін елордада Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Мырзатай Жолдасбековтің "Ұлы дала әдебиеті" және түпнұсқадан (Дрезден нұсқасы) қазақ тіліне аударған "Қорқат ата кітабы" кітаптарының тұсаукесері өтті.