Коронавирус: Қазақстандық вакцина желтоқсанда сынақтың екінші сатысынан өтеді

0
626

Қазір елімізде вакцина зауыты салынып жатыр.


Коронавирус: Қазақстандық вакцина желтоқсанда сынақтың екінші сатысынан өтеді

ERNUR.KZ. Коронавирусқа қарсы отандық вакцина желтоқсанда клиникалық сынақтың екінші сатысынан өтеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.


«Коронавирусқа қарсы вакцинаны жасау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Біз бұл бағытта ресурстарымызды барынша пайдаланып, нарықта қолжетімді вакцина жасауға ұмтылудамыз. Тіркелгенін жариялаған алғашқы вакцина – ресейлік вакцина болды. Мемлекет басшысы Қазақстанда осындай зауытты салып, өндірістік қуаттылықты жолға қою тапсырмасын жүктеген болатын. Бұл өте маңызды шаруа. Себебі халықтың вакцинаға қолжетімділігін жолға қоюуымыз керек. Зауыт салынатын алаң айқындалуда. Зауыт қазіргі фармацевтикалық зауыттардың жанындағы алаңдарда салынуы мүмкін. Қазір бұл мәселені ресейлік әріптестермен талқылау үстіндеміз», - деді Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.


Министрдің айтуынша ресейлік вакцина сынақтың үшінші сатысында тұр.


«Ресейлік әріптестеріміз вакцина сынағының қорытындысын таяуда жариялауға уәде беріп отыр. Бұл вакцинаның алғашқы және екінші фазасы оң нәтижесін көрсеткен. Қазіргі уақытта – ресейлік вакцинаны әлеуетті вакцинаның бірі ретінде көріп отырмыз», - деді ол.


Алексей Цой әйтсе де үлкен үміт – қазақстандық вакцинаға артылып отырғанын айтады. Отандық вакцина осы жылдың желтоқсанында клиникалық сынақтың екінші сатысынан өтеді. Қазақстандық вакцина зауыты салынып жатыр.

Министр сонымен қатар қытайлық, америкалық вакциналарды да бақыланып, зерттеліп жатқанын айтады. Бірақ бұл елдердің вакциналары өз елдерінде ресми түрде тіркелмеген.