Коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасының қанша тұратыны белгілі болды

0
778

​Вакцина әзірлеушілер екпені бүкіл әлемге қолжетімді етуді көздеп отыр, оның бағасы дозасына 10 доллардан төмен болмақ.


Коронавирусқа қарсы

ERNUR.KZ. Коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасының құны барлық ел үшін бірдей болады. Екпенің бағасы 10 доллардан аспайды. Бұл туралы Ресей тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев БҰҰ-ға вакцинаны таныстыру барысында мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

"Біздің вакцина дозасына 10 доллардан төмен болады. Біздің мақсат – бұл екпені бүкіл әлемге қолжетімді ету және ол барлық елде бірдей бағамен сатылады", - деп келтірді Дмитриевтің сөзін РИА Новости.

Сондай-ақ, ол шетелдік алаңдарда "Спутник V" вакцинасы өндірісінің көлемі наурызға қарай айына 40 миллион дозаны құрайтынын атап өтті. Айтуынша, бұл цифр әлі де өсуі мүмкін.

Ресейлік өндірушілер ішкі нарықты қамтамасыз еткеннен кейін, вакцинаны экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Бүгінде елуден астам елден 1,2 миллиард дозаны сатып алуға өтінім түскен.

Шетелдік нарықтарға жеткізілетін вакцина РТИҚ-тың халықаралық серіктестерімен Үндістанда, Бразилияда, Қытайда, Оңтүстік Кореяда және басқа мемлекеттерде өндіріледі.

"Спутник V" вакцинасы туралы не білеміз

Ресейдің денсаулық сақтау министрлігі тамыз айында әлемде алғаш болып COVID-19 инфекциясының алдын алатын вакцинаны тіркеді. Гамалея атындағы ұлттық эпидемиология және микробиология зерттеу орталығы дайындаған вакцина "Спутник V" атауын алды.

РФ денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашконың мәліметінше, "Спутник V" вакцинасы 100 мыңнан астам ресейлікке егілген.

"Қазіргі таңда оның клиникалық сынақтары аяқталуға жақын. Содан кейін жаппай өндіру басталады. Ауқымды клиникалық сынақтар басталып кетті", - деді Мурашко.

Айтуынша, вакцина тіркелгеннен кейін сынаққа 40 мыңнан аса адам қатысты. Клиникалық сынақтар Ресей, Беларусь, Үндістан, БАӘ және Венесуэлада жүріп жатыр.

Бұдан бөлек, Ресей "Вектор" орталығының "ЭпиВакКорону" деп аталатын тағы бір вакцинасын тіркеді.

Қазақстандағы вакцина шығаратын зауыт

Бұған дейін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресеймен Қазақстанда COVID-19-ға қарсы вакцина өндіретін зауыт салу туралы келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Үкімет осы жобаға инвестиция тарту үшін келіссөздерге кірісіп кетті.

Зауыт өз жұмысын 2021 жылдың алғашқы тоқсанында бастайды деп күтілуде.

Жамбыл облысы Қордай ауданында ашылатын зауыттың құрылысына 7 миллиард теңге жұмсалады. Бұл туралы өңір әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.