Ресей аумағында елімізге кемінде екі миллион дозада Sputnik V вакцинасын өндіруге арналған қажетті заттар жеткізіледі.
ERNUR.KZ. ҚР денсаулық сақтау вице-министрі - бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов халықты коронавирусқа қарсы вакцинацияға дайындық жұмыстары басталғанын айтты, деп жазады Stan.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, вице-министр Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан денсаулық сақтау министрлері үшін ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросының онлайн-брифингі кезінде Қазақстанды вакцинацияға дайындау барысы туралы хабарлады.
Қиясов қазір Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай тұрақталып жатқанын айтты. Жаңа коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау үшін профилактикалық шаралар кешені, оның ішінде халықты вакцинамен қамтамасыз ету шаралары жүргізілуде.
Бас дәрігердің айтуынша, клиникалық зерттеулердің үшінші сатысында тұрған бірнеше кандидат вакциналарына ерекше назар аударылады.
"ҚР денсаулық сақтау министрлігі мен Ресейдің тікелей инвестициялар қоры арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Оған сәйкес Ресей аумағында кемінде екі миллион дозада Sputnik V вакцинасын өндіруге арналған қажетті заттар жеткізіледі. Қазақстанда бұл мәселе ресейлік мамандармен егжей-тегжейлі пысықталуда", - деді Ерлан Қиясов.
Вице-министр, үстіміздегі жылдың маусым айында Жамбыл облысында білім министрлігі ғылым комитетінің биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтында 60 миллион доза дәрі-дәрмектер мен вакциналар шығаратын биофармацевтикалық зауыттың құрылысы басталғанын еске салды. Қазақстандық ғалымдар ДДСҰ тізіміне енген және клиникалық сынақтардан сәтті өтіп жатқан COVID-19 вакцинасын жасады.
Ерлан Қиясов ел басшылығы вакцинацияға жататын азаматтар контингентін, оның ішінде халықтың қосымша әлеуметтік осал топтарын кеңейтуді жоспарлап отырғанын айтты.