Қазір отандық ғалымдары СOVID-19 індетіне байланысты 5 түрлі вакцина әзірлеп жатыр.
ERNUR.KZ. Коронавируске қарсы отандық вакцина адамдарға биылғы жылдың қыркүйек айында сынала бастайды. Қазір отандық ғалымдар СOVID-19 індетіне байланысты 5 түрлі вакцина әзірлеп жатыр. Олардың бірін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған. Оны қазір тышқандарға егіп тексеріп жатыр екен. Бұл туралы Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Үкімет басшысы мен бірқатар министр оқшаулану режимінен шықты. Премьер-министр Асқар Мамин, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің СOVID-19-ға жасалған ақырғы талдау нәтижелері теріс нәтиже берген. Осыған байланысты шенділер енді жұмыс кестесін штаттық режимде жалғастырады. Ал отырыста бірінші болып баяндама оқыған Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ляззат Ақтаева елдегі эпидемиологиялық жағдайды айтты.
«Осы аптаның 3 күнінде жағдай қолайсыз болып сипатталады. Осы аптаның 3 күнін өткен аптаның осындай кезеңімен салыстырғанда өсім 1,6 есе болып отыр. Бұл ретте, 15 өңірде аурудың 1,2 еседен 6 есеге дейін өскені байқалады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Лязат Ақтаева.
Ляззат Ақтаева соңғы аптада коронавирустың симптомсыз жағдайлары 65 пайызға артқанын да мәлімдеді. Оның айтуынша, егер ауруханаларға жүктеме 90%-дан асса, карантин режимі қайта күшейтіледі. Бүгінгі күні қосымша қатаңдату шаралары барлық 16 өңірде енгізілді. Осы ретте Үкімет басшысы Асқар Мамин 1 апта ішінде коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес бойынша жаңа шараларды дайындауды тапсырды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Ведомствоаралық комиссияның кешегі шешімімен алдағы демалыс күндері бірқатар ірі қалаларда және тұрғындарының саны 50 мыңнан асатын барлық өңірлердің елдімекендерінде қосымша шектеу шаралары енгізілді. Бұл шешім нақты орындалуы қажет. Әкімдіктер санитарлық нормалар мен қоғамдық жерлерде әлеуметтік арақашықтықтың қатаң сақталуына ерекше назар аударуы тиіс. Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес бойынша жаңа шаралар кешенін бір апта ішінде дайындауды тапсырамын. Әрбір өңірдегі жағдайды ескере отырып, іске асырылатын шараларды өзгерту бойынша жедел шаралар қабылдансын», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.
Ал білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елімізде коронавирусқа қарсы вакцина шығаратын зауыт салынып жатқанын мәлімдеді. Жамбыл облысында бой көтеретін өндірісітік ошақ жылына 60 миллион вакцина шығаруға қауқарлы болмақ. Отандық ғалымдар болса, инфекцияға қарсы 5 түрлі вакцина әзірлеуге кіріскен.
«15 мамырда кандидаттық инактивацияланған вакцинаны клиникаға дейінгі сынақ бастадық. Тышқандардағы қауіпсіздік және иммуногендігі тексерілді. 2020 жылғы 10 маусым мен 23 маусымда кандидаттық вакцинаның уыттылығы мен аллергиялық қасиеттері зерттелді. 2020 жылғы маусым-шілде айларында жануарларға иммуногендігі зерттеледі. Қыркүйек айында клиникалық зерттеулерді бастау жоспарланып отыр», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Селекторлық отырыста жеке қорғану құралдарының отандық өндірісін ұлғайту және олардың халық үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Осы реттегі шараларын қабылдап, жасанды тыныс алу аппараттары мен жеке қорғаныш құралдарының жеткілікті қорын қалыптастыруды, олардың мемлекеттік материалдық резервте болуын қамтамасыз етуді Үкімет басшысы қадап тапсырды.