Полицияның хабарлауынша, күдікті қайтыс болған әйелдің көршісі және бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған.
ERNUR.KZ. Қостанай облысында күдіктіні тұтқындау кезінде полицейлер қызметтік қару қолдануға мәжбүр болды. Салдарынан қылмыскер оқиға орнында тіл тарпай кетті, деп жазады sputniknews.kz.
Сағат 9:25 шамасында Қостанай облысы Сарыкөл ауданындағы Новое ауылында 31 жастағы әйелдің денесі жер үйден табылды. Марқұмның мәйітін ең бірінші болып анасы көрген.
"Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы әйелдің денесінен 23 пышақ жарақатын анықтады. Сонымен қатар, қолындағы бірнеше жарақат ізі оның қашуға тырысып, қарсылық көрсеткен деп болжауға негіз болады", – дейді полицейлер.
Сондай-ақ, олар күдікті қайтыс болған әйелдің көршісі және бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғанын нақтылады.
Ал күдіктіні тұтқындау мақсатында 40-тан астам ауыл тұрғынынан сұрақ-жауап алған. Солардың бірі іздеу жарияланған күдіктіге ұқсайтын ер адамның орманға қарай кеткенін көргенін айтқан.
Өңірде "Тоқауыл" жоспары жарияланып, күдіктінің ауылдан 40 шақырым қашықта жүргені анықталды.
Полицейлерді көрген ер адам омарташының тіркемесіне жасырынған. Ал тұтқындау кезінде ол қарсылық көрсетіп, полицейлердің біріне пышақ сұғып алды. Қаруды тастап, берілу талабын ескермегендіктен тәртіп сақшылары аспанға ескерту оғын атқан. Алайда күдікті оны да елемей, полицейлерге қарсы пышақпен қайта шабуыл жасаған. Осы сәтте олар қылмыскерге қарсы қару қолдануға мәжбүр болған.
"Полиция қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына төнетін қауіпті ескере отырып, тұтқындау кезінде қызметтік қару қолдану салдарынан қылмыскер оқиға орнында мерт болды", – делінген басылым ақпаратында.