Қостанай облысында Ахмет Байтұрсыновтың үйі бұзылды

0
356

Облыстың киелі картасындағы нысан бір ай бұрын бұзылған.


Қостанай облысында Ахмет Байтұрсыновтың үйі бұзылды

ERNUR.KZ. Қостанай облысында Ахмет Байтұрсыновтың туып-өскен үйі бұзылды, деп жазады tengrinews.kz.

Халық ағартушының 150 жылдық мерейтойында кірпіш үйді қалпына келтіру туралы шешім қабылданған. Ескі іргетас орнында мердігер құмблок қабырғаларын тұрғыза бастаған. Алайда олар сапасыз болып, ғимаратты қирату туралы шешім қабылданған.

Облыстың киелі картасындағы нысан бір ай бұрын бұзылған. Құрылысшылар тіпті бастапқы іргетасын да сақтай алмаған. Оны он үш жыл бұрын жергілікті тұрғындар ескі іргетастың орнына салған. Олар да жағдайды бақылап отырды: шатырды әктеп, сырлап, жамап тастады. Қазір бұл жерде ауыр техниканың ізі ғана қалды.

"Осы жерде Ахметтің бұрынғы үйінің ізі болған. Іргетасы қара шымнан кесектен салынған еді. Міне, қарап отырсаңдар жобасы осы жерден. Мынау арада пешпен бөлінген еді. Сол пешпен бөлінген бұрышта біздің Ахмет атамыздың үйіндегі әжеміз осы жерде Ахмет атамызды дүниеге әкелді-ау деп өзіміз ойлайтын едік. Астан-кестені шыққан. Ізі де қалмаған, дымы да қалмаған. Ең соңғы Ахметтің өзімізде бар ескерткішінен айырылып қалып тұрмыз", - Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны Жақсыбек Әбдісалық.

Байтұрсыновтың үйін қалпына келтіруге бюджеттен 22 миллион теңге бөлінген. Бірақ құрылыс тоқтатылды. Алматылық мердігер жұмыс істеген материал қабылданбаған.

Шенеуніктердің айтуынша, жергілікті тұрғындар үйді өздері бұзуды сұраған. Бұл туралы жиындарда талай рет айтылды.

"Екі ауыл тұрғындары үйдің апатты жағдайда екенін айтып, мәселе көтерді. Аудан, облыс әкімдіктеріне жүгінді. Сондықтан біз осындай шешім қабылдадық", - Ахмет Байтұрсынұлы ауылының әкімі Нұрсұлтан Байділдин.

Осы кездесулердің нәтижесінде Ахмет Байтұрсынұлы туған үйдің орнына мұражай-үй салудың жаңа жобалық құжаттамасын әзірлеу туралы шешім қабылданды. Тұрғын үй қайта салынады. Аудан әкімдігі жаңа мердігер іздеп жатыр. Жоба құны 37 миллион теңгеге дейін өсті.

"Жоба бойынша 149 шаршы метр. Тұрғын үйді музей үй етіп, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. Жобасы 20 маусымда алынады. ПСД-ны жобалауға 1,2 миллион теңге демеушілер атынан істеледі. Ал енді үйдің құны 37 миллион боп тұр. Сараптамаға дейін. Енді ол өзгелерді әлі", - Жангелді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Әділбек Иманғалиев.

Шенеуніктер мердігерді таңдаса, жергілікті тұрғындар Ахмет Байтұрсынұлының туған ауылына кіре берістегі кесененің құрылысын аяқтап жатыр. Ауыл тұрғындары 10 миллион теңге жинап, ескерткішті өз күштерімен тұрғызып жатыр.