Жануардан алынған патологиялық материал іріктеліп, республикалық ветеринариялық зертханасына жіберілген. Қасқыр құтыру вирусын жұқтыруы мүмкін.
ERNUR.KZ. Қостанайда адамдарды талаған ит емес қасқыр болып шықты, деп жазады ҚазАқпарат.
Оқиға бесінші наурызда Арқалық қаласына қарасты Ашутасты елді мекенінде болған. Дала тағысы ауыл ішіне кіріп, екі адамға шабуыл жасаған.
"Ашутасты ауылының 2007 және 1992 жылы туған тұрғындарды қасқыр талағаны белгілі болды. Оларға "таланған балтыр жарасы" және "таланған қол жарасы" диагноздары қойылып, медициналық көмек көрсетілді. Жәбірленушілерді құтыруға қарсы иммундау шаралары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта бала Арқалық өңірлік ауруханасында стационарлық емделуге жатқызылды. Ал ересек адам амбулаторлық емделу шараларын алып жатыр. Профилактикалық иммундау курсын тағайындау үшін құтырған жануарлармен байланыста болған адамдардың шеңбері анықталды", - деді облыстық денсаулық сақтау департаментінің карантиндік және аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Людмила Налобина.
Жануардан алынған патологиялық материал іріктеліп, республикалық ветеринариялық зертханасына жіберілген. Қасқыр құтыру вирусын жұқтыруы мүмкін.
Сондықтан қоғамдық денсаулық сақтау департаменті Ашутасты ауылында эпизоотологиялық-эпидемиологиялық тексеру жұмыстарын жүргізбек.
"Эпидемиялық және эпизоотиялық ошақтарда дезинфекциялық іс-шаралар ұйымдастырамыз. Адамдар арасында ауру жағдайларын болдырмау бойынша және құтыру ауруының қауіптілігі, оның алдын алу шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізілуде", - деді департамент өкілі.
Естеріңізге сала кетейік, Қостанай облысында 12 жастағы бала мен ер адамға қасқырға ұқсайтын ит шабуылдап, олардың ауруханаға жеткізілгені хабарланған еді.