Қостанай облысында картоп пен сәбізді сатып алуға шектеу енгізілді

0
504

Қазір облыстың тұрақтандыру қорында 300 миллион теңгеге бағаланған азық-түліктің 12 түрі бар.


Қостанай облысында картоп пен сәбізді сатып  алуға шектеу енгізілді

ERNUR.KZ. Қостанайда картоп - 157, ал сәбіз 135 теңгеден сатылып жатыр, деп жазады ҚазАқпарат.

Алайда, арзан көкөніс бір адамға екі келіден артық берілмейді. Әлеуметтік дүкендер желісі осындай шектеу қойып отыр. Осылайша, жергілікті билік бағаны негізсіз өсіретін алып-сатарлардың жолын кесуге ынталы.

Әлеуметтік сауда орындарында сәбіз базардағы бағадан төрт есеге, ал картоп екі есеге арзан. Мұндай бағаны қалалық әкімдік бекіткен. Бірақ алып-сатарлардың кінәсінен арзан көкөніс тез таусылып, сөрелер жиі бос қалады.

«Картоп пен сәбізді осы жерден сатып алып, сыртта 3 есе қымбат бағаға сатып жүргендер бар. Мұндай алып-сатарлардың жолын кесу мүмкін емес. Тек сауда орындарына әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатуға шектеу қою туралы ұсыныс жасадық. Сонда азық-түліктен тапшылық туындамай, бәріне де аз-аздап болса да жететін шығар деп ойлаймыз», - деді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Илона Тимошенко.

Картоп пен сәбізді арзандату үшін сауда орындары мен «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арасында келісімшарт жасалған. Осының нәтижесінде дүкендер жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп отыр. Енді билік үш айға бекіткен бағаны ұстап тұруы шарт.

«Біз әлеуметтік маңызы азық-түлік тауарының 16 түрін қамтамасыз етеміз. Біреуінен аздап пайда тапсақ, енді бірінен шығынға батуға мәжбүрміз. Өткен айда шығынымыз 8 млн теңгеге жетті. Амал жоқ. Бізге қойылған шарт осындай. Сәбізді 550 теңгеден алып, 157 теңгеден сатып жатырмыз. Кейбіреулер арбаны толтырып тиеп алып кетеді. Сондықтан бір адамға екі келіден артық сатпайтын болдық», - деді сауда желісінің әкімшісі Ботагөз Көшембаева.

Қазір облыстың тұрақтандыру қорында 300 миллион теңгеге бағаланған азық-түліктің 12 түрі бар. Өз кезегінде көкөніс бағасы жақын күндері тұрақталады деп отыр билік. Бұған қоса, аймаққа еліміздің оңтүстік өңірінен күнделікті 200 тонна көкөніс жеткізіледі.