Қостанай облысында өрт кезінде ер адам қаза тапты

0
314

Өрттің шығу себебі анықталуда.


Қостанай облысында өрт кезінде ер адам қаза тапты

ERNUR.KZ. Қостанай облысы Меңдіқара ауданында өрт кезінде ер адам қаза тапты, деп жазады Azattyq Rýhy.

30 мамыр күні түнгі сағат 1-де Алешинка ауылының тұрғындары аумақтағы үйлердің бірінде өрт иісін сезеді. Көрші пәтерде 1979 жылы туған, алкогольді ішімдікті жиі тұтынатын жалғызбасты ер адам тұратын. Осы жағдайға алаңдаған көршілер 00:18-де ауданнан өрт сөндірушілерді шақырады. Ауылдан өрт сөндіру бөліміне дейінгі қашықтық 30 шақырым аралықты құрайды.

Өрт сөндірушілер келгенге дейін көршілер терезені сындырып, бөлмеге кірген. Бұл кезде үйдің екінші жартысы улы түтінге оранып, 20 шаршы метр алаңдағы бөлмелердің бірінде төсек-орын жабдықтары мен жиһаз жанып жатты.

Үй иесі көрші бөлмеден табылды. Оны оқиға орнына келген құтқарушылар аулаға алып шықты. Алайда ол кезде тым кеш еді.

Өрт сөндіру есебі үй заттарын, жиһаздарын, үйдің жанғыш құрылымдарын сумен сөндірді. Құтқарушылар өртті 01:20-да оқшаулап, көрші пәтерге таралу қаупін жойды. 01:50-де өрт сөндірілді.

ТЖ жоюға Меңдіқара ауылының №9 өрт сөндіру бөлімінің 4 қызметкері мен 1 бірлік техникасы жұмылдырылды. Өрт сөндірушілерге отпен күресте ауыл тұрғындары да көмек көрсетті. Олар аула ұңғымасынан үздіксіз су беріп отырды.

Оқиға орнында ТЖД сынақ зертханасының мамандары жұмыс істеуде. Өрттің шығу себебі анықталуда.