Базада ұзындығы 2500 метр сапалы жарықтандырумен асфальтбетон жабыны бар шаңғы-роллер трассасы жабдықталған.
ERNUR.KZ. Қостанай облысында шаңғы базасы ашылды. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов айтты деп жазады inbusiness.kz.
«Бүгін Қостанай қаласында шаңғы базасының ашылуына қатыстым. Шаңғы базасы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Қостанай облысы Қазақстан Республикасында қысқы спорт түрлерінде жетекші орынды иеленеді, қостанайлық спортшылар Олимпиада ойындарына қатысу үшін Ұлттық Олимпиада құрамасына тұрақты түрде кіреді»
Базада ұзындығы 2500 метр сапалы жарықтандырумен асфальтбетон жабыны бар шаңғы-роллер трассасы жабдықталған. Бұл жыл бойы оқу-жаттығу процесін ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, душ бөлмесі бар алты шешіну бөлмесі, әмбебап тренажер залы, массаж кабинеті бар қалпына келтіру блогы, медициналық кабинет және тамақтану пункті бар әкімшілік корпус салынды.
«Шаңғы базасы 300-ден астам балалар мен жасөспірімдердің спорт шеберлігін жетілдіру мүмкіндігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ Қазақстан чемпионаттары мен Олимпиада ойындарына қатысушы жоғары дәрежелі спортшыларды даярлауға серпін береді» дейді Архимед Мұхамбетов.