Сот шешімімен даулы бұйрық заңсыз деп танылып, күшін жойды.
ERNUR.KZ. Қостанай облысының мамандырылған ауданаралық әкімшілік соты талап қоюшы, яғни әскерге шақырылған Н. Есімді сарбаздың «Қостанай облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті» РММ жедел әскери қызметке жіберу туралы бұйрығын даулау туралы әкімшілік ісін қарады, деп жазады Azattyq Ruhy.
Облыстық сот мәліметінше әскери есепте тұрған талап қоюшы 2021 жылдың желтоқсанында медициналық шақыру комиссиясынан өтеді. Медициналық тексеруден өту кезінде ол өзіне бұрын «Он екі елі ішек баданасының тыртықты деформациясы» диагнозы қойылғанын мәлімдейді. Алайда комиссия құжатты назарға алмай, нәтижесінде бірауыздан «Әскери қызметке жарамды» деп шешім қабылдайды. Сөйтіп ол 2021 жылғы 29 желтоқсандағы бұйрықпен Ұлттық ұланға қызмет етуге жіберіледі.
Сот талқылауы барысында жауапкер тарап қызмет орны бойынша медициналық тексеру ұсынды. Сол тексеру барысында талап қоюшы жігіттің әскери қызметті өткеруге кедергі келтірмейтін «Катаральды антральды гастрит» ауруы бары нақтыланады.
«Осыған байланысты сот әскери дәрігерлік сараптама тағайындады. Соған сәйкес әскерге шақыру кезінде жігіттің «Он екі елі ішек баданасының тыртықты деформациясы. Он екі елі ішек баданасының рецедивті асқынуы. Бульбит. Ошақтық антральды гастрит. Панкреатопатия» сияқты аурулары болғаны анықталды. Сондай-ақ әлі де ауырып жүргендіктен, сәйкесінше, талап қоюшы одан әрі әскери қызметін өтей алмайды. Істің мән-жайын ескере отырып, сот талап қоюшының талабы қанағаттандырылды. Даулы бұйрық заңсыз деп танылып, күшін жойды», - делінген сот хабарламасында.
Бұдан басқа Н. әскери қызмет өткеру кезінде медициналық емдеудің тиісті көлемін ала алмайтынын, ал осы сот актісінің заңды күшіне енуінің кешіктірілуі оның денсаулығына нақты қауіп төндіретінін назарға ала отырып, сот шұғыл әскери қызметке жіберу туралы бұйрықтың күшін жою бөлігінде шешімді дереу орындауға аударды.
Соттың қарау нәтижесі бойынша жауапкердің атына алдағы уақытта осындай фактілерді болдырмау мақсатында тиісті шаралар қабылдау үшін «Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында қызмет өткеру үшін адамдардың денсаулық жағдайына қойылған талаптарды бекіту туралы» ҚР Қорғаныс министрлігінің 22.12.2020 жылғы № 722 бұйрығын бұзғаны үшін жеке ұйғарым шығарылды.