Ол жол ережесін жүйелі түрде бұзып келген.
ERNUR.KZ. Қостанайлық полицейлер «Сақтандыру полисі» жедел алдын алу іс-шарасы барысында әкімшілік жауапкершіліктен жалтарған жүргізушілерді ұстады, деп жазады ҚазАқпарат.
Тәртіп сақшылары «Мазда» көлігін тізгіндеген 21 жастағы Қостанай тұрғынын тоқтатты. Ол жол ережесін жүйелі түрде бұзып келген. Ол 2020 жылдың қазан және қараша айларында ғана 42 мәрте жол қозғалысы ережелерін бұзған. Автоматты тіркеу құралдары жүргізушінің айыппұл сомасы 1 млн теңгеден асқанын көрсетті. Жергілікті тұрғын айыппұлының барын біле тұра, төлемеген.
«Полиция 13 рет жол ережесін бұзған «Ваз 21099» автокөлігінің жүргізушісін ұстады. Ол 194 мың теңге айыппұлын төлемей жүрген. Сондай-ақ Амангелді ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері Арқалық-Торғай тас жолында Ресейде тіркеуде тұрған «КИА Спектра» автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында автокөліктің Челябі облысында ұрланғаны анықталды. Көлік 2017 жылдан бастап халықаралық полиция желісі бойынша іздеуге алынды. Жоғарыда аталған барлық жүргізушілерде сақтандыру құжаты болмаған, сондықтан олардың автокөліктері айып тұрағына қойылды», - дейді полицияның баспасөз қызметі маманы Кенже Қонысбай.
«Сақтандыру полисі» операциясы басталғалы тәртіп сақшылары сақтандыру полисінің жоқтығы үшін 304 жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты, айыптұраққа 132 көлік қойылып, 65 мемлекеттік нөмір алынып тасталды.