Коучтарға өздерін психолог ретінде таныстыруға тыйым салынады

0
116

​Құжат елімізде алғаш рет психологиялық көмек көрсету саласының құқықтық негіздерін қалыптастыруға бағытталған.


Коучтарға өздерін психолог ретінде таныстыруға тыйым салынады

ERNUR.KZ. Мәжілісте «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр, деп жазады baq.kz.

Бұл туралы баяндаған Мәжіліс депутаты Айна Мысырәлімова соңғы жылдары Қазақстанда психологиялық қызметке сұраныс айтарлықтай артқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл білім беру ұйымдарына түсетін өтініштерден, дағдарыс орталықтарының жұмысы мен әлеуметтік қызметтердің динамикасынан, сондай-ақ Мәжіліске келіп түсетін азаматтардың өтініштері мен әлеуметтік желілердегі талқылаулардан анық байқалады.

Алайда қазіргі таңда психологиялық қызмет нарығы толық реттелмеген. Яғни кез келген адам арнайы білімі мен кәсіби біліктілігін растамай-ақ өзін психолог ретінде таныстыра алады. Бұл жағдай нақты мәселелерге алып келіп отыр. Атап айтқанда, сапасыз көрсетілген қызмет адамның жағдайын одан әрі ушықтырып, жалпы жүйеге деген сенімнің төмендеуіне себеп болуы мүмкін, - дейді Мәжіліс депутаты Айна Мысырәлімова.

Осыған байланысты заң жобасы ең алдымен қоғамдағы қауіпсіздік пен қызмет сапасына деген сұранысқа жауап ретінде әзірленген. Психологиялық көмек - адамның осал күйімен жұмыс істеуді талап ететін сала болғандықтан, ол заң аясынан тыс қалмауы тиіс.

Заң жобасының негізгі бағыттарының бірі - психолог ұғымын нақты анықтау. Құжатта психолог кім екені, бұл қызметпен кімдердің айналыса алатыны және оларға қойылатын кәсіби талаптар айқындалады, - деп түсіндірді депутат.

Сонымен қатар психологтардың қызметінде кәсіби құпияны сақтау, этикалық нормаларды ұстану және манипуляциялық тәсілдерді қолдануға тыйым салу қағидалары енгізіледі.