Ұйымға биыл 20 жыл. Мерейтойлық жиын Тәжікстан астанасы Душанбеде өтіп жатыр.
«Қазақстанның инфрақұрылымы мен логистикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, біз Ауғанстанға халықаралық көмек жеткізу үшін Алматыда ұйымның гуманитарлық хабын ұйымдастыруды ұсынамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл қадам біздің ұйымның рөлін арттыратынына, сондай-ақ БҰҰ мен басқа да халықаралық құрылымдардың қызметін үйлесімді түрде толықтыратынына сенімді екенін айтты.
«Ауғанстандағы ахуал аймақтағы жағдайды күрт өзгертіп, көптеген елге, ең алдымен көрші мемлекеттерге қауіп-қатер туғызды. Мұндай жағдайда біз жаһандық катаклизмге байсалды түрде дайындалуымыз керек», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
"Тарихтың осы бір маңызды кезеңінде Ауғанстанның көпұлтты халқы бұрын-соңды болмаған сынақтарда жалғыз қалмауы тиіс. Менің ойымша, ШЫҰ өзінің зор ықпалымен осы елде бейбітшілік пен келісімге қол жеткізуде маңызды рөл атқара алады. Ұжымдық күш-жігердің арқасында ғана біз қазіргі қатерлермен күресте аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ете аламыз. Қазақстан Ауғанстаннан тыс жерлерде деструктивті идеологияның, есірткі мен бақылаусыз көші-қонның алдын алу үшін аймақтағы әріптестерімен өзара әрекетті кеңейтіп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың өзекті бағыттары туралы көзқарасын жеткізді. Президенттің пайымынша, қазіргі кезеңде аймақтық қауіпсіздік мәселесі өте өзекті болып тұр", - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
"Бұл салада қазірдің өзінде тиісті нәтижелерге қол жеткізілгені қуантады. Мұның айқын дәлелі – бүгін біз бекітетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 2022-2024 жылдарға арналған терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасы. Сондай-ақ терроризм мен экстремизмді қаржыландыратын есірткі бизнесімен және есірткі тасымалымен тиімді күресу бойынша бірлескен күш-жігерді жалғастыруға дайынбыз. Соңғы жылдары киберқауіпсіздік мәселесі бірінші орынға шықты. ШЫҰ ақпараттық қауіпсіздік орталығын тезірек құрып, шұғыл қажеттіліктерге толық жауап беріп, ұйымның ақпараттық кеңістігін қорғауды күшейтеді. Экономикалық саладағы трансұлттық қылмыс – өзекті мәселе", - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.