Куәгерлер тест тапсырған мұғалімнің қалай қайтыс болғанын айтты

0
607

​Мұғалімдер біліктілік тестін мүлдем алып тастау қажет деп санайды. Ал Ұлттық тестілеу орталығының басшылығы педагогтерді тест тапсыруға міндеттемейміз дейді.


Куәгерлер тест тапсырған мұғалімнің қалай қайтыс болғанын айтты

Алматыда 49 жастағы мұғалім біліктілік тестін тапсырған кезде қайтыс болды. Оның әріптестері қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Әр мектепкен келген педагогтар бір-бірін танымайды. Сынақ кезінде өзін нашар сезіне бастаған ер адамға алғашқы көмек көрсетуге тырысыпты. Жедел жәрдемнің жылдам жете қоймағаны өз алдына, білім ошағында да дер кезінде шара қолданатын маман мен дәрі-дәрмек табыла қоймапты.
Хәлі нашарлаған педагог жерде жарты сағатқа жуық тірі жатқан. Осылайша ұстаздар бар білгенімізді жасасақ та, ажалға араша түсе алмадық деп ашынады.
"Көзілдірік таққан арықтау кісі қарама-қарсы келіп отырды. Қарасам, қобалжып отыр. Жан-жақтан көмектесіп, бір ағай жүрегіне, тағы бір әйел аузына ауа жіберіп жатыр. Мен қолын уқалап массаж жасадым. Алдын ала көмек беретін не мүсәтір де, не тонометр де жоқ. 25 минут жерде жатты. Неге бір медбике, дәрігер тағайындап қоймайды. Міне, қолымда жатып қайтыс болып кетті", - дейді Эльмира Иманбаева.
Мұғалімдер сынақ ұйымдастырылған жерде медициналық көмек көрсететін маман тұрмақ, дәрі қобдишасының болмағанын айтып ашынды. Педагогтерді жетілдіруге арналған осындай тестілеу түбімізге жететін болды деп, аттестацияға қатысты наразылық та білдірді.
"Жұмыс өтілім 30 жыл. Өз жұмыстарым бар, авторлық жұмыстарым да бар. Қазір менің бұрынғы түлектерімнің балалары тіпті оқуға келіп жатыр. 30 жылда Қазақстанға, мемлекетімізге еңбегіміз сіңді. Осы жерге сіңіп отырып, қайта тест тапсырып, өз еңбегімізді не үшін көрсетуіміз керек? ", - деді педагог Тұраркүл Әділбекова.
Мұғалімдер біліктілік тестін мүлдем алып тастау қажет деп санайды. Ал Ұлттық тестілеу орталығының басшылығы педагогтерді тест тапсыруға міндеттемейміз дейді.
"Негізінде Ұлттық біліктілік тестілеуді тапсыру – ерікті. Оған еш мәжбүрлік жоқ. Бұны тапсырудағы негізгі мақсат – категориясы мен жалақысына 50 пайыз үстемақы төленіп отырады. Бұл оқиғаға байланысты айтар болсақ, қайтыс болған адам Алматы қаласындағы жекеменшік мектептің мұғалімі болған", - дейді орталық директоры Руслан Емелбаев.
Қайтыс болған мұғалімнің тоғыз жылдық жұмыс өтілі бар. Тарих пәні мұғалімі болған. Жауапты министрлік бүгінгі аттестацияда медицина қызметкерлері болмағанын растап отыр. Қазір оқиғаға қатысты тексеру басталды. Алдағы уақытта тестілеу орталықтарында алғашқы көмек көрсету күшейтілетініне уәде берді.