Жаңа енгізілімдер құқық қорғау қызметіне қатардағы, кіші және орта басшы құрам лауазымдарына бірінші рет қабылданатын адамдарға қатысты.
ERNUR.KZ. Енді прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және экономикалық тергеу қызметіне қызметке түскісі келетіндер міндетті бастапқы кәсіби даярлықтан өтуі тиіс, деп жазады ҚазАқпарат.
Жаңа енгізілімдер құқық қорғау қызметіне қатардағы, кіші және орта басшы құрам лауазымдарына бірінші рет қабылданатын адамдарға қатысты.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 13 мамырдағы Жарлығымен Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясына аталған кәсіптік даярлықты өткізу жөніндегі функциялар жүктелген.
Прокуратура органдарына қызметке кіру үшін оқу мерзімі 1 жыл, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және экономикалық тергеу қызметіне 6 айды құрайды.
Жоғары заңгерлік білімі бар отыз бес жастан аспаған үміткерлер қабылданатын болады.
Барлық түскендер мемлекет есебінен стипендиямен, тамақпен және тұратын орынмен қамтамасыз етіледі.
Оқуға түсу үшін алдын ала Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде тестілеуден (құқық қорғау қызметіне кіру үшін), әскери-дәрігерлік комиссияларда медициналық және психофизиологиялық куәландырудан және полиграфологиялық зерттеуден, сондай-ақ Академияда іріктеуден өту қажет.
Бастапқы кәсіптік даярлыққа түсу, Академияға іріктеу тәртібі мен мерзімдері туралы толық ақпарат Құқық қорғау органдарының және Академияның ведомстволық сайттарында қосымша жарияланатын болады.