Палата заң жобаларына қоғамдық және сараптамалық зерделеу жүргізбек.
Фото: Құрылтай
ERNUR.KZ. Бірінші шақырылымдағы Құрылтай жанынан Қоғамдық палата құрылады, деп жазады inbusiness.kz.
Құрылтай депутаты Айдос Сарымның сөзінше, мұндай тәжірибе көптеген шақырылымдар бойы қалыптасты. Соңғы жылдары бұл жұмысты Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мен Сенат жанындағы Сарапшылар клубы жүйелі жүргізді.
"Бүгінде осы алаңдар аясында жинақталған озық тәжірибені сақтап, бұл жұмысты ары қарай Құрылтай қызметі шеңберінде жалғастырып, оны жаңа деңгейге көтеру маңызды. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, қазіргі таңда қоғамдық палаталар институты кеңінен дамыған. Дәл осындай бірлестіктер азаматтар мен билік арасындағы сенімді көпір қызметін атқарып, қоғамның нақты сұраныстары мен ұстанымдарын нақты көрсететін маңызды индикаторға айналып отыр", – деді депутат.
Осыған байланысты Қоғамдық палата депутаттардың сарапшылармен, ғылыми қауымдастықпен, азаматтық қоғам, кәсіби бірлестіктер және өңірлер өкілдерімен тікелей диалог жүргізетін тұрақты жұмыс алаңына айналуға тиіс.
"Бұл ретте тек талқылау өткізуге арналған тағы бір қосымша алаң құру туралы айтылып отырған жоқ. Палатаның негізгі міндеттерінің бірі – заң жобаларына қоғамдық және сараптамалық зерделеу жүргізу болуы керек. Мұны заң жобасын әзірлеудің бастапқы кезеңінде, яғни "нөлдік оқылым" сатысында өткізу принципті түрде маңызды. Бұл кезеңде заң жобасының негізгі ережелерін нақты талқылап, қажет болған жағдайда оларды түзетуге және толықтыруға мүмкіндік болады. Бұл ең маңызды заңнамалық бастамалар бойынша балама ұстанымдарды, кәсіби бағалауларды, ықтимал ескертулер мен ұсыныстарды алдын ала ескеруге мүмкіндік береді", – деп атап өтті ол.
Палатаның жұмысы тек заң жобаларымен шектелмейтіні айтылды. Оның алаңында қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамудың ең өзекті мәселелері де талқыланбақ.
Бұл ретте Құрылтай жанындағы Қоғамдық палатаны 50 адамнан құру ұсынылып отыр.
"Оның құрамына барлық саяси партиялар фракцияларынан Құрылтай депутаттарын, азаматтық қоғам мен сарапшылар қауымдастығының, үкіметтік емес және кәсіби ұйымдардың, өңірлердің өкілдерін, сондай-ақ түрлі салалардың мамандарын енгізу ұсынылады. Қажет болған жағдайда жекелеген мәселелер мен салалық тақырыптарды талқылауға беделді ғалымдарды, сала мамандарын, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін қосымша тартуға болады. Бұл Палатаның сараптамалық әлеуетін арттыра түседі", – деп түсіндірді Айдос Сарым.


