Қытай Қазақстаннан бұрынғыдан көп астықты қабылдауға дайын – ҚТЖ

0
657

Бұл - 2020 жылға қарағанда 17% артық.


Қытай Қазақстаннан бұрынғыдан көп астықты қабылдауға дайын – ҚТЖ

ERNUR.KZ. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Үрімші темір жолы» ЖШҚ басшылығы бейнебайланыс режимінде екі ел арасындағы жүк ағынын арттыру мәселелерін талқылады, деп жазады inbusiness.kz.

Кездесуде Достық – Алашаңқай және Алтынкөл – Қорғас шекаралық өткелдері арқылы жүк тасымалын ұйымдастыру, астықты, өсімдік майын, темір кені шикізатын және тағы басқа тауарларды тасымалдау мәселелері қаралды.

Кеңес қатысушылары қос тараптың бірлескен күш-жігерінің арқасында өткен жылдың қараша айынан бері тоқтап тұрған жабық вагондарда астық жүктерін қабылдау және түсіру мәселесі толық шешілгенін атап өтті. Бұл ретте қазақстандық теміржолшылар экспорттаушылардың астық көлемін ұлғайтуға ниеті барын хабарлады.

«Үрімші темір жолы» өкілдері жаңа көлемді қабылдауға дайын екендіктерін білдіріп, азық-түлік жүктерін жабық вагондардағы биг-бегтерде және астық таситын көліктерде тиеудің қажеттілігін жеткізді. Қазақстандық тарап Аралас комиссиялардың 29-шы кеңесінде қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуына және қытай тарапының келісілген шекаралық өткелдер бойынша алмасу жоспарына сәйкес, пойыздарды қабылдауды ұлғайту жөніндегі шаралар қабылдауына назар аудартты.

Жалпы 2021 жылға «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Үрімші темір жолы» ЖШҚ арасында 25,2 млн тонна көлемінде тасымалдау жоспары келісілген. Бұл - 2020 жылға қарағанда 17% артық. Ал жалпы 2021 жылдың 4 айында ҚР мен ҚХР арасындағы жүк тасымалдау көлемі 7 млн тоннадан асқан.