Қызылорда облысында инфрақұрылым мәселесі азайған

0
627

Облыс бойынша барлық 230 ауылдық елді мекеннің 86 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған.


Қызылорда облысында инфрақұрылым мәселесі азайған

Бүгінде инфрақұрылым мәселесі жаһандық проблемалардың басында көш бастап тұрғаны баршамызға мәлім. Бұл сала біздің елімізде де ақсап тұрғаны жасырын емес. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында біршама жобалар іске асып жатыр. Соның ішінде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының нәтижесі көңіл қуантарлық. Аталған ұлттық жоба басталғалы өңірлердегі инфрақұрылым мәселелері айтарлықтай азайған.

Осы ретте Қызылорда облысында ұлттық жоба негізінде атқарылған жұмыстар төңірегінде сөз қозғамақпыз.
5 жылға арналған ұлттық жобаның қорытындысына сәйкес, ел тұрғындары толықтай ауызсумен қамтылып, қала аумағын сарқынды судан тазарту мәселесі толыққанды шешіліп, инженерлік желілердің тозуы 12 пайызға дейін төмендейді.
Ұлттық жоба базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізу және көлік байланысын қамтамасыз ету бойыша іске асады. Жоғарыда атап өткен, инфрақұрылыммен қамту мәселесі алғашқы міндеттердің қатарына кіреді.
«Инфрақұрылымды кешенді дамыту негізінде он алты мың шақырым ауызсу, су бұру желілерін жүргізу және жөндеу, 46 су құбыры желісін, коммуналдық сектордың 7700 шақырым желісін, 785 шақырым ирригация желілерін қайта жөндеу жұмыстары қарастырылған. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай ел тұрғындары толықтай ауызсумен қамтылып, қала аумағын сарқынды судан тазарту мәселесі толыққанды шешіліп, инженерлік желілердің тозуы 12 пайызға дейін төмендейді. «Ауыл-Ел бесігі» жобасы арқылы ауылдарда 12 мың шақырым инженерлік желі, 10 мың шақырым кентішілік жолдар мен 1,5 мың әлеуметтік нысандар салынып, жөнделеді», - делінген жобаның төлқұжатында.

АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ
Бүгінгі таңда облыстың төрт қаласында 364,1 мың адам тұрады. Оның ішінде Қызылорда, Арал, Қазалы, Байқоңыр тұрғындары 100 пайыз орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған.
Облыс бойынша барлық 230 ауылдық елді мекеннің 86 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған.
Ұлттық жоба талаптарына сәйкес, жыл соңына дейін халықты ауыз сумен қамту көрсеткішін 98 пайызға жетуге жоспарлануда. Ал, қалған 32 елді мекенді ауыз сумен қамту мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда.

(сурет: Қызылорда облысының әкімдігі)
Жауапты мамандардың сөзінше, аталған мәселе 2022-2025 жылдар аралығында толығымен шешіледі.
«2023-2025 жылдарға дейін 6 елді мекен Арал-Сарыбұлақ топтық су жүйелеріне қосылады. Оның ішінде Арал, Ақбасты, Абай, Тоқабай, Ерімбетжаға, Қазалы Шәкен елді мекендері бар. 2023 жылы Шиелі ауданындағы Қосүйенкі мен Қызылқайың елді мекенінде ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізіледі», - делінген облыс әкімдігінің берген мәліметінде.
2024-2025 жылдарға дейін 24 елді мекенде су тұщытқыш орнату жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда. Атап айтқанда Арал, Құланды, Жеңішкеқұм, Күршек, Тастүбек, Сазды, Мойнақ, Қазалы ауданы Қожақазған, Мәдениет, Ажар, Бірлік, Тапа, Жұбан, Сарбұлақ, Шилі, Шөлқұм, Қармақшы ауданы Ордазы, Сарытоғай, Кекірелі, Шобанқазған, Шиелі ауданы Ақтам, Лесхоз, Жуантөбе елдімекендеріне орнатылады.

КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ
Ұлттық жоба негізінде кәріз жүйесімен қамту мәселесі де назардан тыс қалмаған. Жоба аясында ескірген жүйелерді жаңартып, өңірлердегі кәрізбен қамту көрсеткішін жоғарылату көзделген.
Аталған бағыт бойынша Қызылорда облысында да айтарлықтай жұмыстар жүргізілген. Атап айтар болсақ, 14,9 шақырым кәріз желілері мен 2 дана кәріз насостық станциялары жаңартылған. Сонымен қоса, 100 шақырымнан аса ауыз су және 3 дана су кешенін жаңарту жұмыстары атқарылған. Нәтижесінде 74 мыңнан аса адамның сумен қамту және су бұру қызметі едәуір жақсарған.


Қызылорда облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы өңірдің ауыз су және кәріз жүйелерін жаңғырту және құрылысын жүргізуге «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша республикалық және облыстық бюджеттен 5,1 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде 4,7 миллиард теңге республикалық, 0,4 миллиард теңге облыстық бюджеттен қаралған.
Аталған қаржы 20 жобаны іске асыруға бөлінген. 9 айдың қорытындысы бойынша 20 жобаның мердігерлері анықталып құрылыс-жұмыстары жүргізілуде.
Қаржы жоспарына сәйкес республикалық бюджеттің 2297,0 миллион теңгесі және облыстық бюджеттің 12,3 миллион теңгесі толығымен игерілген.

ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТУ
Ұлттық жоба «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламаларының, оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іс-шараларын қамтиды. Жоба аясында газбен қамту мәселесі де қолға алынған.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстың 67 пайызы көгілдер отынмен қамтылған. Олардың қатарында Қызылорда, Арал, Байқоңыр және 17 ауылдық елді мекен бар. Биыл облыс тұрғындарын газбен жабдықтау жобаларын жүзеге асыруға 5,8 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде республикалық бюджеттен 4,3 миллиард теңге, облыстық бюджеттен 542 миллион теңге бөлінген.
Биылғы жоспарға сәйкес, Жаңақорған ауданындағы Бірлік және Қыраш ауылдарына, Шиелі ауданындағы Алғабас және Ақмая ауылдарына және Тереңөзек кентіне газ құбыры тартылады. Сонымен қоса, Қазалы ауданындағы Қазалы қаласын, Пірімов, Жалаңтөс батыр, Басықара елді мекендерін де көгілдер отынмен қамту жоспарлануда.

2022 жылдың 2 жарты жылдығынан бастап, Қармақшы ауданындағы Төретам кенті мен Ақай ауылын, Арал ауданындағы Сексеуіл кентін газдандыру және Шиелі ауданындағы Тартоғай елді мекенінде АГТС орнату жобалары жүзеге асырылуда.
Ал, 2021 жылы басталған Қызылорда қаласына қарасты Наурыз және Махамбет елді мекендерін газдандыру жобасының құрылыс жұмыстары 2023 жылға өтпелі.
«Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша Қазалы қаласы, Шиелі ауданы Алғабас, Ақмая елді мекендерін газдандыру мен Тереңөзек кентінде газ құбырын тарту жобалары аяқталып, пайдалануға берілді. 2022 жылдың соңында облыстың газдандыру деңгейін 68%-ға жеткізу жоспарлануда, - дейді мамандар.


ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫ

Өңірде электр энергиясымен қамту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.

Ауыл-Ел бесігі бағыты бойынша Ұлттық қордан және республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға Жаңақорған кентіндегі 10/0,4 кВ электржелілік жүйені жаңғырту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары барысында электр желісін тарату қондырғысы мен қосалқы трансформаторлық қондырғылар орнатылуда. Қазіргі таңда, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Нысан құрылысы келер жылға өтпелі.

ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ
Қызылорда облысында коммуналдық шаруашылық саласы бойынша жобаға негізделген жұмыстар атқарылуда. Өңірде коммуналдық шаруашылық мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
Атап айтар болсақ, 2022 жылы жалпы 24 әлеуметтік нысанның жылу қазандықтарын газ отынына ауыстыру бойынша республикалық бюджеттен 15 жобаға қаржы бөлінген. Бүгінде барлық нысанда құрылыс жұмыстары аяқталып, қабылдау жұмыстары атқарылуда.


Бұдан басқа, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен 2022 жылы 2 мектептің қазандықтарын сыртқа шығару жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Қазіргі таңда мердігер мекеме «КомпанияГазСтрой» ЖШС мен «Теплоэнергострой» ЖШС-мен құрылыс жұмыстарын аяқтады. Бүгінгі күнде нысандарды қабылдау жұмыстары жүргізілуде.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы негізінде тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасалуда. Соның ішінде қаншама жылдан бері шешімін таппаған инфрақұрылым мәселелері оң шешімін тауып келеді. Алдағы уақытта да ел тұрғындарының ұлттық жобадан күтері көп.

ERNUR.KZ