Қазір облыстық балалар ауруханасында 46 бала ем алуда.
ERNUR.KZ. Қызылорда облысында балалар арасында коронавирус инфекциясы өршіп барады, деп жазады ҚазАқпарат.
Қазір облыстық балалар ауруханасында 46 бала ем алуда. Олардың арасында бір жасқа толмаған 13 сәби бар. Ал 3 жасөспірім жансақтау бөлімінде жатыр.
«Коронавирусқа шалдыққан балалар саны күн санап көбейіп келеді. Облыстық балалар ауруханасына сәуір айынан бастап 158 бала келіп түсті. Бүгінгі күні толық жазылып шыққан балалар саны - 82. Осы орайда ата-аналарға айтарым, балаларыңызды барынша санитарлық талаптарды сақтауға шақырыңыздар. Індет жас талғамайды. Сондықтан балалармен көпшілікке жерге баруды азайтып, иммундық жүйені жақсартатын пайдалы тағамдарды көп тұтынған абзал», - деді көп бейінді облыстық балалар ауруханасының онкогематолог дәрігері Жанна Жандарбекова.
Еске салсақ, Қызылордада карантин талаптарына байланысты жаңа қаулы бекітілді.