"Қызының кесірінен анасы көз жұмды": Коронавирус туралы әсерлі видео пайда болды

0
952

Ролик бір сағаттан астам уақыттың ішінде 40 мың қаралым жинап үлгерген.


ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде карантин ережесін сақтамаған бойжеткен туралы әсерлі видео пайда болды. Роликті көрген оқырмандар көз жастарына ерік берген деп хабарлайды NUR.KZ.

Ой саларлық видеоны Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Instagram желісінде жариялап, "Өз өмірлеріңізді сақтаңыздар" деген жазба қалдырды.

Бір сағаттан астам уақыттың ішінде 40 мың қаралым жинап үлгерген ролик кадрынан қазіргі қоғамның боямасыз бейнесін анық көруге болады.

Видеода карантин уақытында анасының тілін алмай, туған күнін атап өткен бойжеткеннің оқиғасы суреттелген.

Одан бөлек, роликте қыз баланың сауық кешінде коронавирус инфекциясын жұқтырғаны, үйіне келіп анасымен байланыста болғаны да көрінеді.

Видео анасының қауіпті дерттен көз жұмған сәтімен аяқталған.

Желі оқырмандары қала басшысы жүктеген видеодан үлкен әсер алғандарын жасырған жоқ. "Өте әсерлі видео", "Мағыналы", "Өте аянышты, Құдай сақтасын", "Қоғамда карантинге дәл осындай ат үсті қарайтындар толып жатыр", "Үйде отыру керек достар, отбасың амандығы өз қолыңда. Тышқандар сияқты көшеде жүре бермей, аурудың таралуын төмендетуге кедергі жасамаңдар", "Дұрыс ролик, автор мен сценарист жарайсыңдар", "Қоғамда сенбей жүргендерге осындай видеоны көрсеткен дұрыс", "Қызының кесірінен анасы көз жұмды" деді олар.

Пікір білдіргендердің арасында әлеуметтік роликті қазақ тілінде түсірмегенін айтып, шағымданғандар да болды.