2022 жылдан бастап кинематографияда міндетті дубляж немесе фильмнің қазақ тіліндегі түпнұсқасы талап етіледі. Соған байланысты мамандар фильм мен балалар киносының қазақшалануы көпшіліктің тілге көзқарасын өзгертетініне сенімді
ERNUR.KZ. Мәдениет және спорт министрлігі "Кинематография туралы" заңға өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр. Ол міндетті дубляж немесе фильмнің қазақ тіліндегі түпнұсқасын талап етуге бағытталған. Заң жобасы үкіметте биыл қазанда қаралады. 2022 жылы қабылдау жоспарланған. Демек, келешекте кинотеатрдағы фильмнің барлығын қазақ тілінде көруге болады. Алайда бұл салада фильмнің қазақ тіліне аударылуы және дубляждалуы қалай жүзеге асатыны туралы сұрақ туындайды, деп жазады Sputnik Қазақстан
Субтитр – қазақтілді көрерменді алдарқату
Соңғы жылдары аударылып жатқан фильмдер сапасына аудармашы Динара Мәзеннің көңілі толады.
"Қазір теледидар көруге уақыт тапшы, фильм, сериалды сирек көремін. Арасында байқағаным, қазақ тілінде түсіріліп жатқан сериалдарға қарағанда аударма фильмдер жатық естіледі. "Қазақстан" телеарнасынан берілетін түрік, үнді фильмдері біршама жақсы аударылған, дубляжы да жақсы. Оларды іздеп көретін өз көрермені бар. Фильмнің жақсы шығуы аудармамен қоса дубляжға, мәтінді оқыған актер шеберлігіне де байланысты. Екеуі үйлескенде сапалы, көңілге қонымды дүние шығады", - дейді ол.
Айтуынша, ол осыдан бірнеше жыл бұрын телеарналардың бірінде фильмдерді орысшадан қазақшаға аударған. Сол кезде дубляждың сәтті шығуы бірнеше факторға байланысты екенін байқаған.
"Кейде фильм мәтінін жаныңды салып, жақсы аударасың, редактор да барынша өңдеп түзейді. Бірақ эфирге шыққанда актердің дұрыс оқи алмауынан, шеберлігі жетпеуінен солғын болып, қарның ашып қалады. Сондықтан дубляждың сәтті шығуы бірнеше жайтқа байланысты", - дейді Динара.
Қазір кинотеатрларда орыстілді фильмдерде қазақ тілінде субтитр жүреді. Аудармашы соған байланысты да ойын айтты.
"Субтитр аударма, соның ішінде қазақ тілін тек субтитрға қою қазақтілді көрерменді алдарқату деп санаймын. Осы кезге дейін шетелдік фильмді орысша аударып немесе орыс тілінде түсіріп, қазақшасын субтитр арқылы беріп, алалау болып келді. Сондықтан қазақша дубляж дегенге қуанамыз және қолдаймыз. Дубляжды міндеттеу жайлы заң жобасы қазақ тілінде контентті көбейтуге үлес қосады, бірақ ол контент сапалы болуға тиіс", - дейді маман.
Мәдениет министрлігі дубляжды міндеттеу барысында сөздердің орфографиялық нормалары мен сөз тәртібінің сақталуын, олардың дұрыс құрастырылуы мен айтылуын қамтамасыз ету үшін тиісті нормалар қабылданатынын мәлімдеді. Сол себепті аударма саласындағы олқылықтар жайлы маманның өзінен сұрадық.
"Фильм болсын, кітап болсын, ғылыми немесе техникалық аударма болсын, әр жобаны аударудың қалыптасқан нормасы не ережесі әлі жоқ. Мысалы бір ғылыми кітапты аударуға кіріскен топ, яғни аудармашы, редактор, корректор терминдерін өзара ақылдасып бекітеді. Соған ұқсас бір еңбекті басқа бір топ өзінше бекітіп, аударады. Терминком бекіткен сөздікті қарап, соны ұстанып жүрген аудармашыны сирек көремін. Бір жағынан мәселе контекстіге байланысты, екінші жағынан терминкомның көп термині көңілімізден шықпайды және жиі өзгеріп жатады. Оның кесірі сол сала мамандарына тиеді, олар әрқилы қазақша терминді іс жүзінде қолдануға қиынсынып, орысша нұсқасын айтып жүре береді", - дейді Динара Мәзен аудармадағы бірізділіктің жоқ екеніне назар аудартып.
Аудармашылар келешекте бұл мәселе де бір ізге түседі деп сенеді.
"Техникалық аудармада көп терминнің аудармасы түсініктеме болып кеткен. Көркем аудармаға келсек, қазақ тілі ол жағынан кенде емес, кез келген оралым, тіркесті майын тамызып аударатын бай тіліміз бар. Бұл жерде аудармашының тілдің табиғатын сезінуі, иірімдерін байқап, дәл беруі маңызды. Фильмді аударғанда сол шығарманы түсірген елдің ұлттық ерекшелігі, мәдениет өзгешелігі болады, сол тұсын ескеру керек. Сол фильмді оқитын актерлерге де көп салмақ түседі, ағылшын тілінің түрлі акценті бар, фильмде соны беру маңызды", - дейді Динара.
Қазақ тілінің аясы кеңейеді
Мамандар киноны қазақ тілінде дубляждау тек кинематографияны ғана емес, аударма, сондай-ақ қазақ тілінің аясын кеңейтуге ықпал етеді деп санайды.
Аудармашы Динара Мәзен осы тұста тек фильмдерді ғана емес, балалар көп көретін хостингтер тілі де қазақшалануы қажет екенін айтты.
"Youtube платформасындағы миллиондаған видеоны қазақша аударып отыру мүмкін емес, өзіміз сондай қызықты шағын видеоларды қазақ тілінде түсіріп үйренуіміз керек. Бұл процесс те ақырын басталған сияқты. Қазір балабақша жасындағы сәбидің бәрі үйде орысша және ағылшын тілін араластырып сөйлеп жүр. Менің кіші ұлым орысша сөйлейді, түрлі видеоны орыс тілінде көріп, оған сол тіл жақын болып кеткен. Бұл әрине өкінішті, біздің тіл үрдіске ілесе алмай жатыр. Мультимедиа тілі қазақшаланса тілімізді сақтап қалатын шығармыз. Қазақша кітап шығаруда сең қозғалды, жақсы үрдіс басталды. Енді фильмдер де жаппай қазақша болса тілді сақтап қалуға тағы бір қадам болар еді. Фильмдерді дубляждағанда тілі жатық, қазақша ойлайтын аудармашы, редакторлар, қазақы сөйлейтін актерлерді тартса екен деймін", - дейді ол.
Аудармашының бұл пікірімен киносыншы Дана Әмірбекованың ойы бір жерден шықты. Киносыншы жас ұрпақты ата-әжесі, ата-анасы емес, экран тәрбиелеп отырған заманда дубляжға мән беру үлкен қадам екенін алға тартты.
"Кішкентай бала киноны қай тілде көрсе, сол тілде қабылдайды. Тілі де сол тілде шығады. Бұл – айқын дүние. Осы тұрғыда кинотеатрлардың дубляж жасаудың орнына субтитр қосып отырғаны көңілімізге кірбең ұялатып жүрген болатын. 100% дубляж жасалу біздегі кино сапасының өсуіне, сонымен қатар қазақ тілінің мәртебесінің көтерілуіне жасалған үлкен қадам болмақ. Ал бұған дейін кинодағы субтитр сын көтермейтін. Оны филолог мамандардан бөлек, қарапайым көрерменнің өзі байқады. Техникалық және грамматикалық қателік көп болды. Кейде қазақ тілінде қолданылмайтын тікелей аударманы пайдаланды. Сапалы дубляж – көрерменге деген құрмет", - дейді Әмірбекова.
Сонымен қатар бұл салаға ден қою дубляж саласында жұмыс істейтін актер мен өзге де мамандарды жұмыспен қамтиды.
"Дубляж жасауда қазақстандық мамандар әлем бойынша ешкімнен кем түспейді. Кәсіби тұрғыдан, техникалық тұрғыдан алса да солай. Алайда бәрі алдымен заңға, екінші қаржыға тіреледі. Заңда дубляж міндеттелмегендіктен және бұл жұмыс көп қаржы талап еткендіктен көп маман мұны айналып өтіп, субтитрмен шектелді. Дубляж жасалған күнде де толыққанды дубляжға бара алмады, өйткені ол қымбат тұрады. Мемлекет тұрғысынан қолдау көрсетіліп, қаржы құйылса, бұған дейін сапасыз болған аударманың өзі түзелер деп ойлаймын", - дейді маман.
Ал бірнеше жылда қолға алынатын бұл саланың сапалы өнім беруі киногерлердің өз ісіне салғырт қарамауына байланысты болмақ.
"Дубляж сынға ұшырамай, халық қазақ тіліндегі фильмді сүйіспеншілікпен көруі мамандардың өз ісіне жауапкершілікпен қарауына тікелей байланысты. Қазақ тіліндегі фильмдерге көрермен бармайды деген пікірмен мүлде келіспеймін. "Неге бармады" деп сұраса, "ұсыныс болмады" деп жауап беремін. Алайда сұраныс бар. Ауылдан көптеген көрермен қазақ тіліндегі фильмді көрсем деп аңсап келеді. Өкінішке қарай, ол кісілерді кинотеатрға апарсаңыз, бірде-бір қазақша туынды таба алмайсыз. Аудармасы қате фильмге көрермен апаруға ұяласың", - дейді ол.
Мамандар фильм мен балалар киносының қазақ тілінде сөйлеуі олардың тілге деген көзқарасын өзгертетініне сенімді. Тіпті қазір кино тілі ретінде кенже қалып жатқан қазақ тілінің мәртебесін осылай арттыруға болады. Ал бұл тұста экранның міндеті мен мазмұны айрықша. Қазір жастар қай тілде сөйлесе, ертең ел сол тілде сөйлейді.