​Маңғыстауда қаза тапқан сарбаз Марат Барқұловтың өлімі бойынша кімдер жазаланды

0
147


​Маңғыстауда қаза тапқан сарбаз Марат Барқұловтың өлімі бойынша кімдер жазаланды

фото көрнекілік үшін ашық дереккөзден алынды

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Мереке Көшекбаев Маңғыстау облысында мерзімді қызметін өтеп жүрген кезде қаза тапқан сарбаз Марат Барқұловтың өліміне қатысты қызметтік тергеу нәтижелері туралы айтты, деп жазады Stan.kz.

Спикердің айтуынша, бұл факт бойынша қызметтік тергеуді қорғаныс министрлігінің басшылығы, министрдің орынбасары жүргізген. Қазіргі уақытта іс бойынша сот Астана қаласында өтіп жатыр.

"Қылмыстық іс бойынша айыпталушы ретінде взвод командирі лейтенант Дамир Досов танылды. Бұл офицер 2024 жылғы әскери оқу орнының түлегі. Өткен жылы тамыз айында әскери бөлімге қызметке келіп, қыркүйек айында "Оймаша" полигонына жіберілген", – деді Мереке Көшекбаев.

Генерал-майордың айтуынша, лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Қорғаныс министрінің бұйрығы негізінде "Батыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал Бауыржан Артықов жазаланған, "Батыс" өңірлік қолбасшылығының әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің бастығы атқарып отырған қызметінен босатылған. Үш лауазымды тұлғаға қызметке толық сәйкес еместігі жайында ескерту жасалған, ал төрт офицерге түрлі тәртіптік жаза түрлері тағайындалған.

"Біз, офицерлер ретінде, лейтенант Досовтың қарамағындағыларға және жалпы өз қызметтік міндеттерін орындауға қатысты тәртіпсіздігі мен қылмыстық салақтық көзқарасын мойындаймыз", – деп түйіндеді Мереке Көшекбаев.

Еске сала кетсек, қазіргі уақытта Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотта Қорғаныс министрлігінің "Батыс" өңірлік қолбасшылығының 25744 әскери бөлімінің бұрынғы взвод командирі Дамир Досовтың ісі қаралып жатыр. Ол 18 жастағы мерзімді қызметтегі сарбаз Марат Барқұловты қасақана өлтірді деп айыпталуда. 22 жастағы Дамир Досов сотта оқты қасақана атпағанын айтқан болатын.