Маңғыстауда спорттық инфрақұрылым дамып келеді

0
525

Қазіргі таңда Маңғыстау аумағында отыздан аса мемлекеттік спорт нысаны жұмыс істеп тұр екен.


Маңғыстауда спорттық инфрақұрылым дамып келеді

Бүгінгі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – өңірлерде спорт саласын дамыту. Бұл мәселе мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір Жолдауында да қозғалып, көптеген тапсырмалар беріліп келе жатыр. Осы ретте биылғы жылдың басында Маңғыстау облысы басшылығының қатысуымен маңызды мәслихат өткізіліп, балалар мен жасөспірімдер және бұқаралық спортты дамыту жан-жақты талқыланған болатын. Облыс әкімдігінің баспасө қызметі хабарлағандай, қазіргі таңда Маңғыстау аумағында отыздан аса мемлекеттік спорт нысаны жұмыс істеп тұр екен. Оның жиырмадан астамы балаларға арналса, алтауы спорттық клуб, екеуі жоғары деңгейдегі спорт шеберлігі мекемесі, біреу төрт жылда бір келетін Олимпиада ойындарына дайындалатын орталық және біреуі ұлттық спорт бағытында жұмыс істейтін мекеме. Жалпы, Маңғыстау облысында сегіз жүзден аса жаттықтырушы балалар, жастар мен ересектерді баптап келеді. Дегенмен олардың жартысына жуығында ғана тиісті санаттар бар екен. Осыған орай облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы олардың біліктіліктерін арттыру мақсатында кезең-кезеңімен жұмыс атқарып жатыр. Бұл бір жағынан спорт саласы мамандарының деңгейін өсірсе, екінші жағынан өңірдің спорт саласын дамытуға серпін сыйлайды деп ойлаймыз.


Өкінішке қарай, өткен жылы маңыстаулық спортшылардың ірі турнирлерден орын алу көрсеткіші төмен болған екен. Ал, жаз мезгілінде өткізілетін Қазақстан Республикасының спартакиадасында өңір құрамасы 20 аймақтиың арасынан небары он сегізінші сатыға тұрақтаған. Одан бөлек, биыл қыркүйек айында бір жұма бойы өтетін дүниежүзілік көшпенділер ойынына өңірден бір ғана спортшы қатысады екен.


Бүгінгі таңда маңғыстаулықтар ой спорты – шахмат ойынының жампозы Асаубаева Бибісараның жетістіктерімен мақтана алады. Ол былтырғы жылдың соңында әйелдер арасында он алты дүркін әлем чемпионы атанып, үлкен швейцариялық жүлдені еншілеген. Оған қоса, Парижде өтетін паралимпиада ойындарына Алтаев Ерболат, Оразалиев Бауыржан, Сейдов Құралбек сынды өңір спортшылары жолдама алған. Алдағы уақытта өңірде жастар мен ересектер үшін спорт мектебі ашылады деген жоспар да бар. Тиісінше, бұл спортқа қызығушылық танытқан талаттарды жан-жақты дамытып, биік белестерге шығаруға ықпал етері сөзсіз.


Жыл басында өңір басшысы да спорттық инфрақұрылымды дамытып, спорт саласы өкілдері үшін қолайлы жағдай туындатудың да маңызын атап өткен. Сондай-ақ, өз сөзіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың спорт саласын дамытуға айрықша көңіл бөлетінін арқау етіп, өңірде спортқа қызығушылар мен айналысатындар уақыт өткен сайын көбейіп келе жатқанын айтты. Облыс басшысының сөзіне сүйенсек, 2021 жылдан бастап өңір бюджеті есебінен спорт саласын ілгерілетуге күш салынып жатыр. Оның игілігін балалар мен жасөспірімдер көретіні даусыз. Осы ретте маңғыстаулық сексенге жуық кәсіпкерге қолдау көрсетіліп, отызға жуық спорт түрі бойынша жеті жүзден аса спорт үйірмесі ашылған. Бұл үйірмелердің барлығы он мыңнан астам баланың спортпен айналысуына мүмкіндік береді екен.

Тағы бір айта кетерлігі биылғы жылдың басында облыс орталығында кеңес дәуірінде спорт шебері атанған Тарас Хитуов атындағы халықаралық бокс турнирі өткізіліп, көршілес 5-6 елдің жүзге жуық былғары қолғап шебері додаға түскен. Жасөспірімдер он төрт салмақ дәрежесі бойынша жүлделерді сарапқа салса, соның отыздан астамы маңғыстаулық спортшылар болған. Жарыс нәтижесінде олардың жиырмасы жеңімпаздар қатарынан көрініп, жетеуі чемпион атағын еншілеген.


Ал мамыр айында спорттық және жауынгерлік самбо спортынан бірнеше санатқа жататын спортшылар арасында Океания және Азия чемпионаты өткізілді. Бір ерекшелігі – бұндай сайыс Ақтау қаласында алғаш рет ұйымдастырылған. Оған жиырма бес елден бес жүзге жуық спортшы қатысып, алпыстан аса салмақ дәрежесі аясында күш сынасты. Олардың жүзден астамы Қазақстан Республикасының намысын қорғаған. Облыс әкімінің айтуынша, аталған жарысты өткізу мәртебесі өңірге былтыр Өзбекстан астанасында өткен Азия одағы конгресінде 37 елдің арасынан таңдалып берілген екен.


Биыл өңірдегі спорттық инфрақұрылымды дамыту мәселесі жөніндегі жұмыстардың қарқын алғаны айқын байқалады. Мәселен бірер ай бұрын жаңаөзендіктердің игілігіне орай бірнеше кәсіпорынның демеушілігі арқылы мүмккіндігі шектеулі азаматтарға арналған спорт нысаны іске қосылды. Бұл клубта денсаулығында ақауы бар азаматтар үшін арнайы жаттығу құралдары, лифт пен пандус орнатылған. Мұнда қазір жүзге жуық адам спортпен шұғылданып, тіпті республикалық, халықаралық сайыстарда жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Қазіргі таңда клубта он жеті үйірме жұмыс істеп тұр. Нақтырақ айтсақ футбол, жеңіл атлетика, теннис, бочча, тоғызқұмалақ, армрестлинг, волейбол ойнау, жүзу сынды спорт секциялары бар. Облыс әкімдігінің ақпараттарына сүйенсек, бұл бағыттағы жұмыстардың қарқыны арта бермек.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ