Депутаттар азаматтық қорғау қызметкерлерінің материалдық жағдайын көтеру жұмысын жалғастыру қажеттігін атап өтті.
ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Сергей Решетников құтқарушылардың зейнетке шығу жасын қайта қарау керек деп санайды. Бұл туралы ол вице-премьер Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп жазады sputnik.kz.
Депутаттың айтуынша, 26 тамызда әскери қоймада болған жарылыс азаматтық қорғау қызметкерлерінің жұмысы қаншалықты қауіпті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Төтенше жағдай орнына алғашқылардың бірі болып өрт сөндірушілер жеткен еді. Жарылыс салдарынан 9 құтқарушы қаза тауып, 49-ы түрлі жарақат алды.
"Жаһандық және өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайдың салдарын жою жоспарлары, өрт сөндіруді ұйымдастыру ережелері бар екені түсінікті. Бірақ мамандарға жүктелетін тапсырмалардан бөлек, менің ойымша, тағы бір ең маңызды міндет бар. Ол – жеке құрамның өмірі мен денсаулығына қауіп-қатерді азайту. Осыған байланысты орынды сұрақ туындайды: адамға өрт ошағына жақындауға болмайтын қауіпті жағдайларда алапат өртті сөндіруге неге заманауи техника мен құралдар жұмылдырылмайды? Мүмкін, олар бізде жоқ болғандықтан шығар?", - деп сұрады Решетников.
Айтуынша, төтенше жағдай министрлігінде материалдық-техникалық құралдардың саны мен сапасына қатысты біраз проблема бар.
Сондай-ақ мәжілісмен бірқатар шет елдерде жойқын өртті сөндіру кезінде робототехника пайдаланылатынын атап өтті.
"Қоғамды өрт пен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау асқан ерлікті талап етеді. Өрт сөндірушілердің арқасында жыл сайын мыңдаған адам ажалдан аман қалады, төтенше жағдай аймақтарынан он мыңдаған азамат эвакуацияланады, мемлекеттік және жеке мүлік құтқарылады. Десе де, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері де ең заманауи өрт-техникалық жабдықпен жарақтандырылып, әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілуі керек", - деді Решетников.
Осыған байланысты депутаттар жаңа робототехникалық технологияларды енгізу есебінен қауіпті және зиянды жұмыстар жүргізу кезінде құтқарушылардың өміріне қауіп-қатерді барынша азайту үшін түбегейлі шаралар қабылдау қажет деп санайды.
Бұған қоса, олар азаматтық қорғау қызметкерлерінің материалдық жағдайын көтеру жұмысын жалғастыруды, құтқарушылардың зейнетке шығу жасын қайта қарастыруды ұсынды.