Медициналық ЖОО түсуші талапкерлерге талап қатаңдатылды

0
134

Шектік балл 10 пунктке көтеріліп, енді талапкер кемінде 70 балл жинауы керек.


Медициналық ЖОО түсуші талапкерлерге талап қатаңдатылды

Фото: gov.kz

ERNUR.KZ. 2025 жылдан бастап Қазақстанда медициналық жоғары оқу орындарына қабылдау ережелері өзгерді. Негізгі өзгерістер педиатрия бағытын кеңейтуге және болашақ дәрігерлердің сапалы даярлығын қамтамасыз етуге бағытталған, деп жазады inbusiness.kz.

Шектік балл 10 пунктке көтеріліп, енді кемінде 70 балл болуы тиіс. Мемлекеттік тапсырыспен оқуға түсу үшін талап 100 баллдан төмен болмауы керек. Шетел азаматтары алғаш рет ағылшын тілін білетінін растайтын сертификат ұсынуға міндеттелді. Сонымен қатар ішкі конкурстар енгізілді.

Биыл бакалавриат бойынша 49 мамандыққа 2700 грант бөлінді, оның 2536-сы игерілді. Қосымша 131 грант конкурс нәтижесінде қайта үлестірілді. Квота шеңберінде 20 грант шетел азаматтарына, 13 грант әлеуметтік осал топтарға берілді. Ал ақылы негізде оқуға қабылдау қысқарып, 4973 студентпен шектелді.

Интернатураға биыл 4356 студент жіберілді, оның жартысына жуығы жалпы тәжірибе дәрігері даярлығына бағытталды. Резидентураға жыл сайын 2500 грант бөлінеді. 2025 жылы алғаш рет педиатрия саласында 14 жаңа бағыт ашылып, 188 грант қарастырылды. Медициналық ғылымды дамыту үшін магистратураға 325, PhD докторантурасына 160 грант бөлінді.

Жаңа талаптар білікті мамандар қорын қалыптастырып, қазақстандық медицина кадрларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталып отыр.