2025 жылы 500 мыңнан астам балаға көмек көрсетіледі.
фото: ortcom.kz
ERNUR.KZ. Мектеп формасын, аяқ киім мен оқу-құралдарын сатып алу үшін ата-аналардың және заңды өкілдердің есепшоттарына шамамен 20 млрд теңге аударылды, деп хабарлады оқу-ағарту министрлігі.
Бұл қолдау 430 мыңнан астам баланы қамтыды, бұл жалпы алушылар санының 87%-ына жуық.
"2025 жылы 500 мыңнан астам балаға көмек көрсетіледі. Оның ішінде – жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, аз қамтамасыз етілген және атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың балалары, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар бар", - дейді министрліктегілер.
Ведомство хабарлауынша, бүгінде Астана мен Шымкент қалаларында қаражат толық көлемде аударылып, 100% отбасы көмек алды.
2025 жылы "Жалпыға бірдей білім беру" қоры бойынша жалпы қаржыландыру көлемі 23,1 млрд теңгені құрайды. Төлем мөлшері өңірлік бюджетке сәйкес, мәслихат шешімі негізінде белгіленеді және бір балаға кемінде 46 228 теңгеден төмен болмауы тиіс.
Айта кету керек, 2023 жылдан бері материалдық көмек көлемі 2,5 есеге өсіп, 17 мыңнан 46 мың теңгеге дейін артты.