​Мектептегі "сорпа дауы" сотқа жетті (видео)

0
1 569

Қазан айының басында "тамақ ішкім келмейді" деп жүрген. Ал айдың ортасында мектептен ауырып келді. Іші өтіп, құсты, - дейді мұғалім.


​Мектептегі

ERNUR.KZ. Мектеп асханасындағы тағамға көңілі толмай пост жазған мұғалім мен журналиске қатысты сот жүріп жатыр. Шағымданушы кәсіпкерлер "іскерлік беделіне нұқсан келгенін" айтады.

Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылындағы Халел Досмұхамбетов атындағы мектептің мұғалімі әрі ата-ана (осы мектепте қызы оқиды) Айгүл Мұқсанова оқу орнындағы асхананың тағамына көңілі толмай, Facebook желісіне пост жазған. Ол "бес оқушының мектеп асханасындағы сорпаны ішпей кеткенін" суретке түсіріп, әлеуметтік желіге салған.

- Қызым биыл бірінші сыныпқа барды. Қазан айының басында "тамақ ішкім келмейді" деп жүрді. Ал айдың ортасында мектептен ауырып келді. Іші өтіп, құсты, - дейді ол.

Мұғалімнің постынан кейін мектеп асханасын тамақпен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкер Меруерт Нұрмағамбетова "ар-намысым мен іскерлік беделіме нұқсан келтірді" деп сотқа арыз түсірген. Ол Айгүл Мұқсановадан жазғанын терістеп, моральдық өтемақы ретінде 2 миллион 700 мың теңге талап еткен. Іс Атырау облысы Қызылқоға аудандық сотында қаралып жатыр. Кезекті сот отырысы желтоқсанның 13-і күні өтті.

Кәсіпкер Меруерт Нұрмағамбетова сырқаттанып қалғандықтан Азаттық тілшісі оның ұлы, талапкердің қоғамдық қорғаушысы Руслан Бағдатовпен сөйлесті.

- Біз Айгүл Мұқсановадан ақпаратты терістеп, кешірім сұрауын өтіндік. Бірақ ол ақпаратын терістемей, уақыт созып жүріп алды. Сондықтан біз сотқа шағымданып отырмыз. Моральдық шығын – адамның шаршағанынан шығатын дүние. Біз сол посттан кейін қаншама тексеруден өттік. Анам қан қысымымен ауырып та қалды. Іскерлік беделімізге нұқсан келді. Сондықтан осы соманы (2 млн 700 мың теңге – ред.) сұрап отырмыз. Ал ақшаны бере ме, бермей ме, ол жағын сот шешеді, - дейді арызданушының қоғамдық қорғаушысы.

Желтоқсанның 12-сіне белгіленген алғашқы отырыс арызданушы келмегендіктен кейінге қалды.

Мектеп асханаларындағы тамақ сапасының нашарлығы және балалардың денсаулығына зиян азық-түліктің сатылатыны жайлы белсенділер жиі айтады.