Метрода қылғына айқайлаған тик-токшылар елді шошытты (видео)

0
1 505

жер астында бақырып жүрген жігіттердің парақшасына екі аптаның ішінде 600 мыңнан астам адам жазылған.


Метрода қылғына айқайлаған тик-токшылар елді шошытты (видео)

фото видеодан скрин

ERNUR.KZ. Көзге оғаш, құлаққа ауыр тиетін видеоларымен әлеуметтік желілерді жайлаған жастар метродағыларды шошытты. Лайк пен комментарий үшін ұятты ысырып қойып, үлкен-кішінің көзінше қылғына айқайлаған жігіттер осылайша танымал болуды көздеген сыңайлы. Бірақ олардың бұл контенті жас буын өкілдеріне ұнап жатқанға ұқсайды. Сұранысқа сай әрекеттеніп жүрміз деген ұл-қыздар жапон анимациясын да жарнамалауды ұмытпаған, деп жазады Еуразия бірінші арнасы.

Жапон анимациясының кейіпкерлерін бейнелеген бұл жігіттер бір күннің ішінде әлеуметтік желіні шулатты. Бірі жағымды пікір қалдырса, енді бірі жағасын ұстап даттауға көшкен.

«Жолаушылардың барлығына алдын ала ескерттік. Өйткені, Америка, немесе басқа елдер секілді біздің еліміз ондайға әлі үйренбеген. Сондықтан қандай жағдай боласын алдын ала ескертуге тырысамыз», - дейді тик-токер РИНАТ ИСРАИЛОВ.

Ал, идеяның өзіне келсек жапон анимациясы қазіргі таңда әлемдегі қаралымы ең жоғарғы тізімнің алдыңғы шебінде тұр екен. Трендті қарап, жұрттың неге қызығатынын саралап жүргендер мұндай әрекеттерді танымал тик-токерлер өз елдерінде еркін жасап жүр дейді. Сондықтан біздің елімізде де түсіріп көруді жөн санапты. «Атың шықпаса жер өрте демекші» жер астында бақырып жүрген жігіттердің парақшасына екі аптаның ішінде 600 мыңнан астам адам жазылған. Алайда, көзі қарақты көпшілік дәл осылай қазақ ертегілерін неге насихаттамасқа дейді.
Тау көтерген Толағай мен Ер Төстіктің ерлігі бүгінде тик-ток бетінде көрінбейді. Оны елеп-ескеріп жатқандар да аз. Бірақ, қазақ ертегілерінен қызықты кейіпкерлердің шығатындығын ескерген желі қолданушылары, неге солардан образ жасап жарнамаламасқа деген ойда.
Біреулер осылайша біреудің қаңсығын таңсық көріп жүрсе, түркістандық Жандос Бақыт қайырымдылық жасауда. Әлеуметтік желі арқылы көпшіліктен аз-кем қаражат жиып қоғамдық көлікке отырған жолаушылардың жолақысын төлеп жұр. Карантинде әрбір тиынын құнттап ұстап жүрген жандар үшін мұның өзі үлкен көмек.
«Түркістан қаласының жастары болып ақша жинап, Түркістан қаласының барлық бір реттік жол кірені төлеп жатырмыз. Сіздердікін де төлеп кеттік мына автобуста. Барғанша тегін барып төлемей-ақ қойыңыздар жарай ма?», - дейді тик-токер ЖАНДОС БАҚЫТ.
Қазір өмірді смартфонсыз елестету мүмкін еместей. Тіпті, психолог мамандар сыйластықтың да оқырман санына қарай бөліне бастағанын жеткізді.
«Мұның бәрі ақша табудың, табыс табудың көзінен басталып тұр. Қазір балалардың өзі адамдардың өзі бір-бірімен танысқан кезде олардың қанша оқырманы бар, қаншалықты танымалдылығы сол оқырманының санына байланысты сол бойынша адамдар-адамдармен сөйлесетін болды. Бағалайтын болды», дейді психолог АЙГҮЛ МАХАТОВА.
Иә, әлеуметтік желі арқылы ақша табу бүгінде жаңалық емес. Кімнің парақшасы қызық, қалтасы да қалыңдай түседі. Алайда, лайкқа лайықты дүниелер жасап, оқырманға тарту ету оның барлығы білімге келіп тіреледі. Сондықтан өгізді өлтірмей, арбаны да сындырмай жақсы дүниелер жасауға тырысу қажет дейді мамандар.