Министр өзінің қызметтен кетуі үшін алдымен өз орынбасарының кінәсі толық дәлелденуі тиіс деп санайды.
ERNUR.KZ. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова пара алды деп айыпталған орынбасарының кінәсі дәлелденсе, оставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.
"Пара алды деген күдікпен ұсталған вице-министр Сәкен Мұсайбековтің кінәсі дәлелденсе, сіз отставкаға кетуге дайынсыз ба?", деп сұрады журналист мәдениет министрінің халыққа есеп беру кездесуінің қорытындысы бойынша өткен брифингте.
"Ең алдымен, Конституция бойынша кінәсіздік презумпциясы бар екенін еске салғым келеді және ең бірінші кінә дәлелденуі керек. Егер оның кінәсі дәлелденсе әрине, мен заңға сәйкес отставкаға кету туралы өтініш беремін. Кінәсі дәлелденген жағдайда", – деп қайталады Райымқұлова.
Айта кетейік, биыл ақпан айында мәдениет және спорт министрінің орынбасары Сәкен Мұсайбековтің ұсталғаны хабарланды. Шенеунікке букмекерлік қызмет саласындағы заңды тұлғаның өкілдерінен пара алды деген айып тағылды.