Министрлік отандық вакцинаға уақытша тіркеу куәлігін берді

0
2 274

Қазақстанда жаппай вакцинация наурыз айында басталады деген жоспар бар.


Министрлік отандық вакцинаға уақытша тіркеу куәлігін берді

ERNUR.KZ. Коронавирусқа қарсы QazCovid-in атты отандық вакцинаға уақытша тіркеу куәлігі берілді. Бұл туралы медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Нұрлыбек Асылбеков мәлімдеді, деп деп жазады sputnik.kz.

"Қазіргі кезде уақытша тіркеу куәлігі QazCovid-in атты отандық вакцинаға берілді. Оны 2020 жылы 31 желтоқсанда рәсімдеді. Мерзімі – 9 ай. Ал "Спутник V" бойынша дайындық жұмыстары атқарылып жатыр. Оның тіркеу құжаттарын жіберуі керек", - деді Асылбеков орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, клиникалық зерттеулер кезінде QazCovid-in жақсы нәтиже көрсеткен. 25 желтоқсанда зерттеулердің үшінші кезеңі басталған болатын. Ал 11 қаңтарда барлық 3 мың еріктіге қазақстандық вакцина салынды.

"Қазіргі кезде мамандар олардың барлығы бақылап жүр. Әзірше, мәлімет жоқ. Себебі еріктілердің вакцинациясы жақында ғана аяқталды", - деп атап көрсетті Асылбеков.

Осы орайда комитет басшысының орынбасары қазақстандықтарға әлемдегі барлық вакцина қолжетімді болу үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Мәселен, Pfizer вакцинасын жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бірақ келісімшартқа әлі қол қойылмаған.

Айта кетейік, Қазақстанда жаппай вакцинация наурыз айында басталады деген жоспар бар.