Басқарманың ресми өкілі намаз оқуға тыйым салынған жерлерді атап, жұмаға жиналатын жамағатқа үндеу жасады.
Фото: Видеодан скрин
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы 6 желтоқсан күні Алматы Орталық мешітінде болған жағдайға қатысты пікір білдірді. Ол жолды жауып, намаз оқуқа болмайтынын кесіп айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ағабек Қонарбайұлы сол күні қала көшесінде болған көлік кептелісінің себебін түсіндірді.
“6 желтоқсанда Алматы Орталық мешітінде алғаш рет жұма намазына келушілер мешіт ауласына сыймай қалды. Парыз намазы басталғанға дейін мешіт қызметкерлері жамағатты мешіт ауласына орналастырған. Алайда парыз намазы басталған соң мешіттің оң жақ бөлігі яғни, М.Мәметова көшесінің бір бөлігінде адамдар 5 минуттық құлшылық парызын өтеді. Салдарынан көше кептелісі пайда болды”, – дейді ол.
Басқарманың ресми өкілі намаз оқуға тыйым салынған жерлерді атап, жұмаға жиналатын жамағатқа үндеу жасады.
“Құрметті жұма намазына келуші жамағат! Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеті жерде намаз оқуға тиым салған. Олар: қоқыс жиналған жерде, мал соятын орында, қабір басында, жолдың үстінде, моншада, мал суарылатын орында және қағбаның үстінде. Жол үстінде намаз оқуға тыйым салуының басты себебі – жол қозғалысына кедергі келтірмеу. Ол көшемен жедел жәрдем көлігі, өрт сөндіру көлігі немесе жұмысына асыққан адам жүретіні белгілі. Сондықтан 5 минутқа көшені жауып намаз оқу қаншама ұзын-сонар көше көптелісін туындатады”, – деп жазды Ағабек Қонарбайұлы.
Сондай-ақ ол келеңсіз жағдайдың алдын алып, адамдарға зиян тигізбеудің амалын жасау керегін айтты.
“Жұма намазын оқу кезінде жолды жауып, басқа адамдарға зиян тигізуге болмайды. Сол себепті, баршаңызды намазға ертерек келіп, тиісті көрсетілген орындарға жайғасуды, жолдарды жаппауды, көліктерді де дұрыс орынға қоюды, талап пен тәртіпті қатаң сақтауларыңызды сұраймыз”, – делінген жазбада.
Бұған дейін Алматыда бір топ ер адам намаз оқу үшін жолды жауап тастаған еді.