Нұр-Сұлтан ауруханасында коронавирус жұқтырғандарға арналған стационар ашылды

0
534

​Вакцина алғандардың сырқаты жеңіл өтіп жатыр, асқынулар байқалмайды, дейді дәрігерлер.


Нұр-Сұлтан ауруханасында коронавирус жұқтырғандарға арналған стационар ашылды

ERNUR.KZ. Елорданың 3-ші көпсалалық аурухананың дерматологиялық блогында коронавирус жұқтырғандарға арналған стационар ашылды, деп жазады sputnik.kz.

Стационарда 100 төсек-орын бар. 13 шілде күні оған алғашқы пациенттер жатқызылды.
Бүгінгі мәліметке сәйкес, 54 адам ем-дом алып жатыр, ең жас науқас 22 жаста, үлкені – 82-де.
"Жартысынан көбі бұған дейін коронавируспен ауырмаған. Оған қарсы екпе де алмады", - дейді дәрігерлер.
Ал вакцина алғандардың сырқаты жеңіл өтіп жатыр, асқынулар байқалмайды.
"Көбісінде "стелс-омикрон" штамы анықталып отыр. Оны жұқтыру көрсеткіші бұған дейінгі штамдармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары, бірақ "стелс-омикронның" өкпені зақымдау қабілеті төмен. Ондай ауру кезінде нейроинтоксикация байқалады, адамның көру және есту қабілеті нашарлайды, басы жиі ауырады", – деп атап көрсетті аурухана мамандары.
Айта кетері, Қазақстанда соңғы бір тәуліктің ішінде 1 450 адам коронавирус жұқтырған. Стационарларда 962 науқас емделіп жатыр, 8 775 пациент үйде ем қабылдап жүр. Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі елдегі эпидемиолиялық жағдайды бағалаудың жаңа матрицасын таныстырған болатын. Оған сәйкес, ауруханаға түскен науқастардың санына басымдық беріледі. Бұдан бөлек, вакциналау деңгейі мен инфекцияның таралуы ескеріледі.